Адамзатты жұқпалы вирустардан сақтау әлем елдеріне жаңа міндеттер жүктеп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, адамзатқа қауіп төндірген, экономикалық, әлеуметтік жағдайын тұралатқан COVID-19 пандемиясының патогенезі академиялық қауымдастықтар үшін әлі күнге жұмбақ. Олар қауіп-қатер туғызатын вирустар осыдан жүздеген жыл бойы өзекті болғанын, технологиялар ғасыры вирустардың жаңа түрлерін анықтап, алдын алу жолдарын қарастыруы қажет екенін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, COVID-19 әсіресе Таяу Шығыс, Азия мен Еуропа елдерінде өршіп отырғаны байқалады.
Бүгінде республика жұртшылығын аса қауіпті вирустардан сақтау мен алдын алу шаралары арнайы заңмен бекітілген. Өткен жылы елімізде «Қазақстан Республикасындағы биологиялық қауіпсіздік» туралы заң қабылданып, оны жүзеге асыруға 2022-2024 жылдарға 25,5 млрд теңге қарастырылды.
«Биотехнология және биологиялық қауіпсіздік: жетістіктері мен даму перспективалары» тақырыбына арналған халықаралық ғылыми конференцияда дүниежүзінің бірқатар елінен жиналған ғалымдар адамзатқа қауіпті вирустарды анықтау мен алдын алуға негізделген ортақ мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, медицина, ветеринария және ауыл шаруашылығында туындайтын жаңа вирустар, олармен күрес жолдары қарастырылды. Конференция барысында Ұлттық ғылым академиясының президенті, биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закарья ел ғалымдарының биотехнология саласындағы, оның ішінде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институтының жетістіктерімен бөлісті. Бүгінде аталған институтта биологиялық қауіпсіздік мәселелерін толыққанды шеше алатын ғылыми-өндірістік кластер жолға қойылған.
– Ғалымдар COVID-19 пандемиясы кезінде инновациялардың заманауи мүмкіндіктеріне иек артып, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне үлкен үмітпен қарағаны анық. Ел үшін қиын кезеңде Президент тапсырмасына сәйкес әсіресе биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми зерттеулердің дамуына, кадрлық әлеуетті нығайтуға және ғалымдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше назар аударылды. Нәтижесінде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институты базасында GMP стандарты бойынша иммунобиологиялық препараттарды шығару үшін Қазақстанда және Орталық Азияда «OtarBioPharm» толық циклді биофармацевтикалық зауыты салынып, пайдалануға берілді. Көптеген ғалымның күмәніне қарамастан, QazVac COVID-19 вакцинасы жасалды. Осы кезге дейін QazVac вакцинасының 5 млн-нан астам дозасы өндіріске шықты. COVID-19 пандемиясы кезінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғылыми зерттеулердің, инновациялар мен сараптамалық білімнің, жұқпалы ауруларды диагностикалаудың, алдын алудың маңызды бөлігіне айналды. Осылайша, пандемияның ең қиын кезеңінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеу жөніндегі маңызды міндетті ел ғалымдары ойдағыдай атқарды. Қазақстан ғалымдарының адам денсаулығы, қоршаған ортаны аса қауіпті вирустардан қорғауға қатысты зерттеулері қашан да әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарында. COVID-19 вирусына қарсы вакцина шығарған алғашқы 6 елдің бірі ретінде таныла отырып, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институты ғалымдарының табанды зерттеулерінің нәтижесінде әзірленген вакцина халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын да айта кеткен абзал. Институт ғалымдары осы 65 жылдық тарихында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізе отырып, аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналар мен тест-жүйелерінің 70 түрін әзірледі. Қазіргі уақытта институт биологиялық қауіпсіздік, вирусология, биотехнология, гендік инженерия, микробиология, молекулалық биология және фитопатология салаларында жоғары білікті мамандарды даярлау жөніндегі бірегей орталық болып саналады. Бүгінде биотехнологиялар саласындағы жетекші мамандардың ұстанаханасынан білікті мамандар тәрбиеленіп, олардың бірқатары еліміздегі ірі орталықтарда басшылық қызметте отыр, – деп атап өтті Күнсұлу Закарья.
Институттың егемендік жылдарына дейінгі және қазіргі кезеңдегі жетістіктерінде білікті мамандардың қосқан үлесі жоғары. «Қазбиофарм» ұлттық холдингінің бас директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Әбдірайымов әсіресе кейінгі кезеңде әзірленген ғылыми-техникалық жобалардың әлеуеті зор екенін алға тартты.
– Осы уақыт ішінде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында 27 ғылыми-техникалық бағдарлама, 39 ғылыми жоба және 33 халықаралық грант жүзеге асырылып, оның шеңберінде ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың – 34, құстардың – 7, адамға қатысты 4 инфекциясы және өсімдіктердің 18 инфекциясы зерделенді. Институтта ғылыми зерттеу жұмыстарымен бірге өнімді өндіру мен сатуға дейінгі ғылыми-техникалық және өндірістік инфрақұрылым жүйеленген. Ғалымдар 124 биологиялық препарат, оның ішінде денсаулық сақтау саласына – 4, ветеринарияға – 63, ветеринария мен денсаулық сақтауға арналған бактериофагтер негізінде 6 препарат технологиясын әзірледі. Вирустарды, саңырауқұлақтарды, бактерияларды және басқа микроорганизмдерді зерттеу бойынша ірі ғылыми орталыққа айналып қана қоймай, өнімдері медицинада, ауыл шаруашылығында және өнеркәсіпте нәтижесін беріп келеді. Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің вакцина өндірушілер тобына енген институт болашақта ғылымды қажетсінетін отандық өнім өндіру көрсеткіштерін көбейту жоспарланып отыр, – деді Ерғали Әбдірайымов.
2021 жылы Президент тапсырмасымен салынған «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауыты жылына 60 млн доза өнім шығарады. Алдағы уақытта иммунобиологиялық препараттардың 10-нан астам түрін өндіру жоспарланып отыр. Иммунобиологиялық препараттарды (вакциналарды) шығару бойынша толық циклді кәсіпорын өнімдері GMP талаптарына сәйкестендірілген. Оларды өндіру мен сапасын қамтамасыз ете отырып, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы үшін аса қажет, шетелдік аналогтарынан кем түспейтін профилактикалық және диагностикалық препараттар жүйесі де жолға қойылған. Өнімдердің тиімділігі мен халықаралық стандарттар үдесінен шығуы еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға да ықпал ете түседі.
Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институтының директоры Аслан Керімбаев атап өткендей, ғалымдар әлемдік деңгейдегі жетістіктерді басшылыққа ала отырып, молекулярлы биология, гендік инженерия, биотехнология саласында бәсекеге қабілетті технологиялар мен диагностикалық және вакциналық препараттарды әзірлеуде заманауи әдістерді қолданып келеді. Олардың жетістіктері халықаралық ғылыми журналдарда көрініс тауып қана қоймай, әлемдік ортақ мәселелердің шешу жолдарын ұсынуымен ерекшеленеді. Бүгінде институтта 10-нан астам ғылыми зерттеу зертханасы жұмыс істейді.
Кейінгі жылдары ғалымдарды трансшекаралық қауіп-қатерлер алаңдатып отыр. Осы тұрғыдан алғанда экономикалық ынтымақтастық келісімшарттар аясындағы тауар алмасумен қатар құстар, жан-жануарлар арқылы келетін көптеген вирус түрін анықтап, олармен күресте ортақ ғылым нәтижелерге сүйену қажеттігін көрсетеді. Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Рысбек Нұрғазиев, Көкшетау облысы «Атамекен-Агро» компаниясының өкілі Алексей Моргунов халықаралық жобалардың ауыл шаруашылығы үшін маңызды екенін алға тартса, Түркия, Ресей, Америкадан келген ғалымдар трансшекаралық вирустарды анықтау жолдарына қатысты тәжірибелерімен бөлісті. Ал еліміздің Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері институт ғалымдарының қауіпті әрі аса қауіпті, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жобаларының, құс, шошқа тұмауы, туберкулез, бруцеллёз, тағы да басқа ауруға қарсы препараттары жоғары сапасымен ғана ерекшеленіп қоймай, Ресей, Орталық Азия елдері тәжірибесінде тиімді қолданылып отырғанын жеткізді.