ERG отандық алюминий саласында алғаш рет хакатон ұйымдастырды

Павлодарда металлургия саласындағы ең өзекті түйткілдер 2 күн бойы талқыға түсті. Ғылыми институттар, елдегі ірі жоғары оқу ордаларының ғалымдары мен ERG құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ мамандары негізгі проблемаларды шешу жолдарын мен өнеркәсіпке инновацияларды енгізу жолдарын бірлесе талдап, тиісті шешімдер табуға талпынды.

Хакатонды ұйымдастыруға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ERG-дің ғылми-зерттеу инжиниринг орталығы мұрындық болған. Жүздесудің басты тақырыбы: «ҚР металлургиялық кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық дамуы».

 Шараның ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки форумды Қазақстандағы ғылымды коммерцияландырудың инновациялық форматы ретінде таныстырды.

– Қазір бізге түпкілікті зерттеулерді дамыту ғана емес, ғылыми әзірлемелерді өндіріске барынша белсенді енгізу міндеті жүктеліп отыр. Хакатон – біздің ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдерін біріктіріп, нақты технологиялық сын-қатерлерді шешуге күш біріктіру мүмкіндігі. Осындай инновациялық форматтар елдегі ғылымды коммерцияландыру мен мен технологиялық прогрестің негізі бола алады.

ERG-дің Қазақстандағы Бас директорының орынбасары Йохен Бербнер Еуразиялық Топ кәсіпорындары, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның даму преспективаларына тоқталды:

– Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай елдегі ішкі жалпы өнімді 2 есеге ұлғайтуды тапсырды. Елдегі жалпы тау-кен металлургия секторы, соның ішінде алюминий өндірісі саласында ERG – Қазақстан экономикасы үшін негізгі тірек нысындардың бірі. Осы міндетке қол жеткізу үшін біздің кәсіпорындар қазірден әзірленуі керек. Межелі мақсатқа жету үшін күрделі өндірістік тапсырмаларды шешу қажет. Биыл 60 жылдық меретойын атап өткен Павлодар алюминийі зауытын – «қиын-қыстау кезеңдерде де қолданбалы ғалымды сақтап қалған санаулы кәсіпорынның бірі» деуге толық негіз бар. Біздің түпкі мақсатымыз – перспективаға жұмыс істеу. Ғылым және жоғары білім беру министрлігімен бірлеске қолға алып жатқан бұл хакатон алғаш рет алюминий саласына қажетті ғылыми-технологиялық даму картасын жасап, отандық ғалымдардың әзірлемелері негізінде ғылыми, өндірістік, өнеркәсіптік шешімдер дайындауға сеп болады.

Ғалымдар мен өндіріс мамандары тереңде жатқан Көктал бокситтерінің ерекше сипаттамаларын зерттеп, оны игеру әдістерін талқылады. Алюминий кеніндегі ылғалдың көптігі проблемасын шешу, жоғарыкремнийлі бокситтерді өңдеудің инновациялық технологияларын әзірлеп, «қанатты металдың» сапасын арттыру жайын терең талқылады. Осылайша, келелі кездесулер алюминий саласының даму көкжиегін кеңіте түседі.

Хакатонға қатысушылар өзекті түйткілдермен шектелмей, алюминий өнеркәсібінің келешегіне ой жүгіртті. Гленозем зауыттарының жабдықтарын жаңғырту үшін модельдеу, алюминий өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеу, Павлодар алюминий зауытының өнімдері –   алюминийлі-сілтілі ерітіндіден галлий мен скандийді ажыратып алудың тиімді тәсілдері талқыланды.

Сарапшылар арнайы жасақталған топтарда жұмыла жұмыс істеп, айтарлықтай жетістіктерге жетелейтін технологиялық ұсыныстар әзірледі.