Ғалым Руслан Нұрлыбаев «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды

Руслан Нұрлыбаев – Ph.D, өнертапқыш, 75-тен астам ғылыми еңбектің авторы.   

Ғылым және жоғары білім министрлігінде ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қатысуымен ғылымды дамыту мәселелері бойынша жиналыс өтті. Іс-шара аясында министр Саясат Нұрбек академияның Ғылым департаменті директоры Нұрлыбаев Руслан Ерғалиұлын «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік төсбелгісімен марапаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Руслан Нұрлыбаев – Ph.D, өнертапқыш, 75-тен астам ғылыми еңбектің авторы. 2016 жылы Дүниежүзілік Банктің арнаулы грантын иеленіп, вакуумдық жылу оқшаулағыш панельдерін шығарды. Өнертапқыштың өнімі шет мемлекеттерде сұранысқа ие.

Руслан Ерғалиұлы жылдар бойы ғылым мен өндірістің басы-қасында жүрді. Өзі жас ғалым болса да замандастарын ғылыми зерттеулер мен өнертапқыштыққа баулып, оларға шабыт берді. Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да Металлургия және полиграфия институтының инженерінен бастап, Химиялық инженерия институты директорының орынбасарына дейін талай жолдан өтті. Бірнеше жыл университет қабырғасында Жас ғалымдар кеңесін басқарды.