Тұңғыш рет Орталық Азия елдерінің тарихшылары бас қосты

2024 жылдың 7 тамызында Астана қаласында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VІ Консультативтік кездесуі аясында «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ТАРИХЫ: ХАЛЫҚТАР МЕН МӘДЕНИЕТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ДИАЛОГ» тақырыбында Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының I форумы өтті.

Іс-шара Орталық Азия мемлекеттерінің ғалым-сарапшылары арасындағы диалогты кеңейту жолымен тарихи процестерді зерттеу мен тарихи құбылыстарды бағалауда бірегей кеңістік, мәдени, саяси контекстте синхронды көзқарас қалыптастыруға алғышарт жасауға бағытталды.

Қатысушыларға құттықтау сөздерін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, сонымен бірге Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы ғылым академияларының делегациялары жеткізді.

Іс–шара аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастырумен Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарының панельдік талқылауы өткізілді. Панелдік отырыста Орталық Азия елдерінің жас тарихшылары мен гумантарлық және қоғамдық ғылым саласының жас ғалымдары баяндама жасады.

Форум аясында кітап және мұрағат көрмелері, оның ішінде XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының еуропалық және американдық карталарының 100 данасының көрмесі ұйымдастырылып, Ұлттық музейдегі құнды ортақ мұрағаттармен таныстырылды.

Форумға Орталық Азия елдерінің тарих ғылымдары саласындағы жетекші ғалымдар, зерттеушілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының гуманитарлық бағыттағы ғылыми институттарының сарапшылары қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының I форумының қорытынды хаттамасына қол қойылды.