2025 жылғы 23 қаңтарда Алматы қаласындағы тарихи «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Польша Республикасының уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда мырзасының кездесуі өтті. Бұл маңызды шараның мақсаты – Қазақстан мен Польша арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту және жаңа перспективаларды анықтау.
Михал Лабенда мырза, қазақ тілін еркін меңгерген және қазақ мәдениетіне терең құрметпен қарайтын тұлға ретінде, өз сапарының негізгі мақсаттарын баяндап, Польша Ғылым академиясының институттарының жоспарлары мен бастамаларын ұсынды. Сонымен қатар, Польша Ғылым академиясы Президентінің алдағы сапары туралы ақпаратпен бөлісті. Лабенда мырза екі ел арасындағы академиялық байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, ауыл шаруашылығы саласындағы Польша инвестицияларының Қазақстанда белсенді дамып жатқанын, бұл өз кезегінде бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы тарапынан кездесуге Басқарма Президентінің міндетін атқарушы доктор Ляззат Тасболатқызы Ералиева, Ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының басшысы, доктор Анар Нұриділдәқызы Мұхтарова, Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығының жетекшісі доктор Балжан Ғалымжанқызы Махатова, осы орталықтың бас академиялық қызметкері Нұрдәулет Жұмабаев және Ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының бас академиялық қызметкері Ботагөз Шакербаева қатысты.
Кездесу барысында тараптар әрқайсысының ғылыми қызметінің басымдықтарын талқылап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастырды. Сонымен қатар археология, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау мәселелері және Қазақстанда тұратын поляк диаспорасының мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау тақырыптары бойынша халықаралық дөңгелек үстел немесе конференция ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Тұрақты даму мәселелеріне, оның ішінде су ресурстарын басқару мен қоршаған ортаны қорғау салаларында заманауи технологияларды енгізу тақырыптарына ерекше көңіл бөлінді. Михал Лабенда мырза Польша тарапынан осы салаларда тәжірибе мен білім алмасуға толық дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу соңында Ляззат Тасболатқызы Ералиева Михал Лабенда мырзаға сапары үшін ризашылығын білдіріп, оның Қазақстан-Польша ынтымақтастығын нығайтуға қосқан зор үлесін жоғары бағалады.