Ғылымды дамытуда туындап отырған мәселе өте көп. Отандық ғалымдар өнертабыс нәтижелерін өндіріске енгізіп, оны ел игілігіне айналдыруға еңбек етіп жатыр. Бірақ коммерцияланып, кәдеге асып жатқан жетістік аз. Сондықтан Президент жанындағы ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаевпен ғылымды дамытуға байланысты туындаған бірқатар мәселе төңірегінде әңгімелескен едік.
– Ақылбек Қажығұлұлы, жақында Мемлекет басшысының қабылдауында болып, академия қызметінің нәтижелерін баяндадыңыз. Президент Ұлттық ғылым академиясына зор жауапкершілік жүктеп, ғылым алдында тұрған түйткілді мәселелерді шешуге сенім артып отыр. Қазір елімізде ғылым қандай жағдайда дамып жатыр, нәтижесін қашан көреміз?
– Алдымен Ұлттық ғылым академиясы нақты жұмыстарға кіріспес бұрын, былтыр институционалдық тұрғыдан қалыптасты. Заңнамалық негізі құрылды. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға сәйкес еліміздегі бірден-бір жоғары ғылыми ұйым мәртебесіне ие болды. Тұрақты қаржыландыру тетіктері әзірленді. Ұлттық академия мүшелерінің жаңа құрамы қалыптасты. Конкурс бойынша академияның 17 мүшесі болып, яғни ел ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар сайланды. Олардың қатарында елімізге белгілі математик, академик Асқар Жұмаділдаев пен Орталық Азияда «The Ferran Sunyer i Balaguer Prize» халықаралық сыйлығын алғаш иемденген, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, математика саласындағы жетекші жас ғалым Дөрбетқан Сұрағанның таңдалуы жайдан-жай емес. Ғылымда жетістікке жеткен тұлғалар аз емес, бірақ олардың насихаты кемшін. Ғалымдардың өнегелі ісін үлгі ете отырып, ғылымға жағдай жасау арқылы ғылымдағы жастар қатарын көбейте аламыз.
Толық мақала сілтеме бойынша: https://egemen.kz/article/380802-aqylbek-kurishbaev-onhirlerdinh-innovatsiyalyq-belsendiligin-arttyru-%E2%80%93-uaqyt-t
Егемен Қазақстан
30.01.2024ж.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ
