ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұжымы студенттерге ауызашар берді

Қастерлі Рамазан айының бүгінгі кешінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұжымы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ораза ұстаған, жатақханада тұратын студенттерге арнап, «Алтын дән» мейрамханасында ауыз ашар дастарханын жайды.

Ораза мен ауызашар – барша мұсылман қауымның жанымызға қуат беріп, жүрегімізге нұр құятын қастерлі парызы ғана емес, бірлік пен сыйластықтың, үйлесімділік пен рухани құндылықтардың тоғысқан айы. Ораза адам баласын бір-бірін құрметтуге шақыра отырып, өзара ізгілікке үйретеді.

«Еліміздің ертеңгі болашағы саналатын жастарымыз ішкі мәдениеті терең, имандылығы жоғары болумен қатар, білім мен ғылымды қатар меңгерген ізгі жүректі білікті мамандар болып шығуы шарт. Қай кезде болса да, қоғамды алға сүйрейтін білім мен ғылым. Осыны әрқашан есте ұстаңыздар. Көптеген ұлт пен ұлыстың өкілдері оқитын оқу орнын осындай береке-бірліктің, өзара ынтымақтың ұясы екенін бәріміз мақтан тұтуымыз керек. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!», — деді ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев.

Орталық мешіттің наиб имамы студенттерге уағыз айтып, сауапқа толы қасиетті Рамазан айындағы орасан зор мүмкіндіктер жайлы айтып, Құран бағыштады. Ауыз ашарға қатысқан студенттер күй тартып, өз өнерлерін ортаға салды.

Игі іс-шараны ұйымдастырушылар, ғалымдар ораза тұтқан жастарға ізі тілектерін арнап, жастық шақтарын еске алып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті!

Барша мұсылман қауым тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын, ауыз ашардағы тілеген дұға-ниеттеріңіз қабыл болсын! Келесі Рамазан айына басымыз аман бауырымыз бүтін жете берейік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!