2025 жылғы 8-9 сәуірде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастыруы және академик Диляра Қайдарованың бастамасымен «Өкпе обырын анықтау мен емдеудің өзекті мәселелері» атты I ОРТАЛЫҚ АЗИЯЛЫҚ ӨКПЕ ОБЫРЫ ФОРУМЫ өтті.
Форумға онкология саласындағы әлемдік жетекші сарапшылар, соның ішінде АҚШ-тың Маунт-Синай медициналық орталығының өкпе мен жүрек скрининг бағдарламасының жетекшілері Клаудия Хеншке мен Дэвид Янкелевич, Қырғызстанның Ұлттық онкология және гематология орталығының директоры Букуев Н.М., Абуали ибн Сина атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университетінің емдеу жұмыстары жөніндегі проректоры Хусейнзода З.Х., Мәскеу П.А. Герцен атындағы Ғылыми-зерттеу онкология институтының сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Рубцова Н.А. және басқа да танымал дәрігерлер мен ғалымдар қатысты.
Форум аясында өкпе обырын ерте диагностикалау бағдарламалары, заманауи диагностикалық және емдеу әдістері, онкологиядағы жасанды интеллект пен инновациялық технологиялар, сондай-ақ дербестендірілген терапия мәселелері талқыланды.
Бүгінгі таңда өкпе обыры – қазіргі медицинаның және қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл ауру жыл сайын әлем бойынша шамамен 1,8 миллион адамның өмірін жалмайды. Алайда, ерте диагностикаланған жағдайда бұл дертпен күресте науқастардың өмір сүру деңгейін 70%-ға дейін арттыруға болады. Осыған байланысты тиімді ұлттық скринингтік бағдарламаларды әзірлеу және енгізу стратегиялық маңызды мәселе болып отыр.
ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев алғы сөзінде өкпе обырын балау мен емдеуді жетілдіруде ғалымдардың бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстанда өкпе обырын ерте диагностикалау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіне заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған қарар қабылданды.
Форум ғылыми зерттеулерге, халықаралық тәжірибе алмасуға және аймақаралық тиімді ынтымақтастыққа негізделген Орталық Азиядағы жаңа онкологиялық сергектік моделін қалыптастырудағы маңызды шара болды.









