Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Ғылым қызметкерлері күніне орай ғылымды дәріптеу, насихаттау, ғалымдардың инновациялық ғылыми зерттеу нәтижелерін, өнімдерін көрсету мақсатында салтанатты іс-шара өтті.
Алқалы жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов оқыды.
ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев ғалымдар қауымын Ғылым күнімен құттықтап, мерекеге орай үздік ғалымдарға құрмет көрсетудің дәстүрлі іс-шараға айналып отырғанын жеткізді.
«Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қ.Тоқаев ғылымға ерекше назар аударып, қазіргі заманда экономика міндетті түрде инновацияға негізделуге тиіс екенін атап өтті. Адамзат тарихындағы барлық жетістікке білімнің арқасында қол жетті, ал қазіргі озық технологиялар заманында ғылымсыз ешқандай даму мүмкін емес. Кейінгі жылдары Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында ғылымды дамытуға, оның қоғамдық өмірдегі рөлі мен орнын арттыруға бағытталған елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қабылданып жатқанын ерекше айтқан жөн. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. 2019 жылдан бастап білім мен ғылымға салынған инвестициялар 5 есеге дейін өсіп, жас ғалымдарға әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр», деді А.Күрішбаев.
Былтыр ғылымның қара шаңырағы үшін жаңартылған заңнамалық және нормативтік база негізінде институционалдық қалыптасу жылы болды. Жаңа заңға сәйкес академия Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҰҒА мәртебеге ие болып, еліміздегі бірден-бір жоғары ғылыми ұйымға айналды. Жаңа ережелерге сәйкес академия мүшелерінің негізгі құрамы сайланды.
Толық мақала мәтіні: https://egemen.kz/article/385333-ghylymy-orge-ozghan-dgurt-damidy
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ
«Egemen Qazaqstan»