Астанада «Қазақстанның мәдени мұрасы: археология және қоғамдық ғылымдардың өзара үндестігі» атты дөңгелек үстел өтті

2025 жылғы 11 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Ғылыми кітапханасында «Қазақстанның мәдени мұрасы: археология және қоғамдық ғылымдардың өзара үндестігі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Шара «Ғылым қызметкерлері күні» кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесе ұйымдастырылды.

          Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстандағы тарихи және археологиялық мұраны кешенді түрде зерттеу, сақтау және дәріптеу мәселелерін талқылау, сондай-ақ археология мен қоғамдық ғылымдар арасындағы пәнаралық ғылыми ықпалдастықты нығайту болды.

          Іс-шара аясында археологиялық мұраны сақтау және дәріптеудегі құқықтық және институционалдық аспектілер; археологиялық зерттеулер мен қоғамдық ғылымдардың (тарих, антропология, этнография және т.б.) өзара байланысы; Қазақстанның ежелгі тарихы мен мәдени мұрасын зерттеудегі заманауи әдістер; археология саласындағы цифрлық технологиялар мен болашақ трендтер; мемлекеттік және қоғамдық институттардың тарихи мұраны сақтау мен қорғаудағы рөлі талқыланды.

          Негізгі баяндамашылар Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, танымал археолог Ж.Таймағамбетов, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалының директоры Ә.Тәжекеев пен бас ғылыми қызметкері Т.Мамиров археология саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері, атқарылып жатқан істер мен өзекті мәселелерді баяндап, құнды деректермен бөлісті.

          Сонымен қатар, шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице президенті, академик А.Жұмаділдаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары А.Ибраева,  Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бас ғылыми қызметкері, профессор З.Самашев, Назарбаев Университеті профессоры А.Ісмақова, Нәрікбаев университеті асс. профессоры А.Жұмағали, ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі Президиумы төрағасы М.Жабағин және өзге қатысушылар археологиялық зерттеулердің маңызына тоқталып, тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бойынша ғылыми-тәжірибелік ұсыныстарын берді.

          Қазақстан Республикасы Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында өткен бұл шарада еліміздің ғылымы мен жоғары білімі саласында елеулі еңбек сіңіріп жүрген бірқатар ғалымдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Күрішбаевтың Алғыс хаты табысталды.  

       Іс-шара қатысушылар арасында мазмұнды пікір алмасуға және болашақ ғылыми серіктестіктерді жоспарлауға мүмкіндік берді. Осылайша, бұл дөңгелек үстел Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерделеу және қорғау ісінде маңызды ғылыми-практикалық алаң болды.