ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы тұрақты институттар мен азаматтық қоғам тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты

18 сәуір Нархоз Университетінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ашылуы салтанаты өтті.

Ашылу салтанатында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов; ҚР-дағы БҰҰ Ақпарат департаментінің басшысы Властимил Самек; Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет сөз алды. ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының атынан іс-шараға қатысқан «Білім және қоғамдық даму ғылымдары» бөлімшесінің ғылыми хатшысы Күлтай Әділова Академия Президенті Ақылбек Күрішбаевтың құттықтау сөзін жеткізіп, бөлімше мүшесі «Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің» директоры, з.ғ.д., профессор Сәрсенбаев Талғат Есенәліұлына ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаевтың Алғыс хатын табыстады.

Конференцияның ашылуында Қазақстан, Германия, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 150-ден астам заң шығарушы, атқарушы және сот билігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар, журналистер мен ғалымдар бас қосты.

Конференцияның басты мақсаты – Біріккен Ұлттар Ұйымының №16  «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» Тұрақты даму мақсаты қағидаларын ілгерілетуге жәрдемдесу, сондай-ақ цифрландыру, азаматтық белсенділіктің артуы және жаңа технологиялардың енгізілуі жағдайында мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікті дамыту.

Ерекше оқиға ретінде Нархоз университетіне БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасы аясындағы №16 Тұрақты даму мақсаты бойынша Глобал хабтың төраға орынбасары мәртебесінің берілгені жарияланды — бұл мәртебе Оксфорд университеті (Ұлыбритания) мен Бейбітшілік университетімен (Коста-Рика) қатар берілді. Хабтың төрағасы ретінде Джордж Мэйсон университетінің (АҚШ) Джимми және Розалин Картер атындағы Бейбітшілік пен қақтығыстарды реттеу мектебі тағайындалды.

Нархоз университетінің президенті Қанат Темірғалиұлы өз сөзінде «Бұл – университетіміздің құқықтық білім беру саласындағы жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сондай-ақ әділеттілік, тұрақтылық және ашық диалог қағидаттарын өңірде және жаһандық деңгейде дамытудағы миссиясы», – деп атап өтті.

Конференция аясында мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыру, мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру және ашықтығын арттыру; қоғамдық кеңестердің рөлі мен нормативтік актілерді сараптау; жасанды интеллектіні енгізудің этикалық мәселелері мен тәуекелдері; жаһандық өзгерістер жағдайындағы қоғамдық институттардың тұрақтылығы тақырыптары кеңінен талқыланды.