40-тан астам жетекші Қытай университеттерімен танысу

2025 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ғимаратында Қытай Халық Республикасынан келген делегациямен танысу кездесуі өтті. Бұл сапар 2025 жылғы 20 сәуірде Алматы қаласында өткен «Study in China Education & Career Expo – Kazakhstan 2025» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – білім беру саласындағы байланыстарды нығайту, академиялық ұтқырлықты дамыту және екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту.

Қытай делегациясы құрамында ҚХР Білім министрлігінің бейінді бөлімінің өкілдері, сондай-ақ Beijing Institute of Technology, Harbin Institute of Technology, Dalian University of Technology, Beihang University, Northwest University және China University of Petroleum-Beijing at Karamay сияқты жетекші 40-тан астам жоғары оқу орындарының халықаралық бөлімдерінің қызметкерлері болды. Сонымен қатар кездесуге Chinese Testing International Co., Ltd. компаниясының өкілдері де қатысты.

Кездесу форматы қытай университеттерінің, олардың білім беру бағдарламалары мен шетелдік студенттерге арналған мүмкіндіктерінің қысқаша таныстырылымын қамтыды. Делегация халықаралық бастамалар мен Қазақстанның жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары туралы ақпарат ұсынды.

Ұлттық ғылым академиясы атынан қатысушыларды Академия вице-президенті Батыршев Дидар Ғалымұлы қарсы алып, құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға қазақстандық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері де қатысып, тікелей байланыс орнатуға және ықтимал серіктестік мүмкіндіктерін қарастыруға қызығушылық білдірді.

Бұл кездесу екі елдің ғылыми және білім беру қауымдастықтары арасындағы алғашқы таныстық пен ақпарат алмасуға арналған маңызды алаң болды. Болашақта осындай іс-шаралар тұрақты әріптестікті дамыту мен бірлескен жобаларды іске асырудың негізіне айналады деп күтілуде.