Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы ұжымы атынан және өз атымнан көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Әкім Таразидың қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстарына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын.
Әкім Тарази — қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, бірегей ой мен көркем тілдің шебері. Ол ұлттық прозаның ғана емес, қазақ драматургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгер.
Жазушының қаламынан туған «Тасжарған», «Жанталас», «Мәңгүрт», «Жаза» секілді шығармалар терең философиялық мазмұнымен, әлеуметтік һәм моральдық мәселелерді қозғауымен ерекшеленіп, қазақ руханиятының құнды мұрасына айналды.
Адам жанының қатпарлы сырларын шынайы бейнелей білген Ә.Тарази кейіпкерлері – өз заманының жарқын айнасы. Оның пьесалары театр сахналарында сәтті қойылып, ұлттық драматургияның биігінен көрінді.
Жазушы туындыларында әр кейіпкер – белгілі бір кезеңнің өкілі, өз уақытының тынысын сезіндіретін тұлға. Ә.Тарази кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі тартыстар, олардың өмірлік таңдау жолындағы ішкі арпалыстары оқырманды бей-жай қалдырмайды. Бұл шеберлік – жазушының терең психологиялық талдауға қабілеттілігінің дәлелі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғылым мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаның мұрасын құрмет тұтып, оны насихаттауды өзінің маңызды міндеттерінің бірі деп санайды.
Әкім Таразидың әдебиетке сіңірген еңбегі мен азаматтық ұстанымы халық жадында мәңгі сақталады.
Қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын.
Алла алдынан жарылқасын!
Академия Президенті А. Күрішбаев
22.04.2025 ж.
