2025 жылдың 22 сәуірінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті бірлесіп көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, химия ғылымының алыбы, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушылардың бірі – Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Жарқын бейне» атты танымдық кездесу өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – ұлы ғалымның бай ғылыми мұрасын дәріптеп, оны жас ұрпаққа үлгі ету.
Аталған танымдық кездесуге ғалымның ұрпақтары, бірге қызмет атқарған әріптестері, шәкірттері, сондай-ақ Евней Арыстанұлының ғылыми мұрасын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
Кездесуде сөз алған химия ғылымдарының докторы, профессор Бектенов Несіпхан Әбжапарұлы – Е.Бөкетовтің ғылыми ортаның рухани келбеті, зерттеушілік мәдениеті және ғылымдағы әділеттілік туралы естеліктерімен бөлісіп, ұстаздық болмысын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Ебіней Арыстанұлының қол астында еңбек жолын бастаған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Джусубалиева Дина Муфтаховна – ғалымның биік адамгершілік қасиеттері, ғылым мен білімге деген адалдығы, жас ғалымдарға жасаған қамқорлығы туралы жүрекжарды әңгіме өрбітті.
Ал ғалымның қызы Бөкетова Ақсұлу Ебінейқызы – әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, Ебіней Арыстанұлының отбасы, Отан, ғылым алдындағы жауапкершілігі жайлы тебіреніспен сөз қозғады.
Кездесуге жас ғалымдар, білім алушылар, ұстаздар мен зерттеуші қауым өкілдері қатысты. Бұл – ұлт ғылымының дара тұлғасын ұлықтау ғана емес, жаңа буынға үлгі болар рухани сабақ болды.
Ұлы ғалымның өнегесі – жас ұрпақ үшін шамшырақ!











