Жас зерттеушілер: елімізде оқушылардың академиясы құрылады — Almaty.tv

Іс-шараға 400-ден астам дарынды оқушы мен олардың ғылыми жетекшілері қатысады

Қазақстанда алғаш рет «Жас зерттеушілер» форумы өтіп жатыр. Ғылым мен жаңашылдыққа қызығушылық танытқан мектеп оқушыларын біріктірген бірегей алаң Алматыда ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға еліміздің әр өңірінен республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанған 400-ден астам дарынды оқушы мен олардың ғылыми жетекшілері қатысады.

«Бүгінгі шара – болашақта жастарды қолдауға бағытталған тұрақты экожүйені ұйымдастырудың алғашқы қадамы. Осы мақсатымызды орындау үшін, жас жеткіншектердің академиясы құрылады», – деді ҚР ҰҒА вице-президенті Дидар Батыршев.

Форумға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен қатар, Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен аймақтық білім басқармаларының өкілдері қатысты. Іс-шараның қорытындысы бойынша, «Жас зерттеушілер» академиясы құрылатын болды. Бұл — жас буынның ғылымға бет бұруына жүйелі қолдау көрсететін жаңа қадам.

 «Жүргізушінің көлікке енген кездегі алкоголь белгісін байқайтын құрал моделін жасап келдім. Жүргізуші мен оның сенімді адамдарына, яғни төтенше жағдайда көмек бере алатын әлеуметтік топтың ұялы телефондарына sms-хабарлама келеді. Жүргізуші қауіпсіз жерде, машинада отырады және оны алып кете алады», – деді оқушы Жанель Серімбет.