2025 жылғы 19 мамырда Алматы қаласында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлесе Қазақстан-Британ техникалық университеті (KBTU) базасында SK Ondeu компаниясының «Инновациялық химия-технологиялық шешімдер» атты Негізгі химиялық зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара аясында тараптар стратегиялық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Зертхананың ашылуы «Өнеркәсіптегі коллоидтар мен нанотехнологиялар» атты халықаралық ғылыми-техникалық конференция және «Ғылым мен индустрияның өзара әрекеттестігі» іскерлік форумы аясында өтті. Конференцияға Швеция, Франция, АҚШ, Германия, Ұлыбритания және Қытай елдерінен келген ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Қатысушылар қатарында Швецияның Патшалық ғылым академиясының академиктері – Нобель сыйлығын тағайындайтын комиссия мүшелері де бар. Аталған зертхана химия саласындағы қолданбалы ғылыми шешімдерді әзірлеп, өндіріске енгізуге арналған платформа болмақ. Негізгі міндеттердің қатарында – жаңа химиялық материалдар мен технологияларды әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) іске асыру, әзірлемелерді коммерцияландыру, ұлттық және халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу, сондай-ақ жас ғалымдар мен студенттерді ғылыми-өндірістік қызметке дайындау бар.
Бұл бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары технологиялық кластерлер мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту жөніндегі стратегиялық бағытына толық сәйкес келеді. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және шикізатты терең өңдеуге, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға негіз болатын химия өнеркәсібін қолдаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Себебі химия өнеркәсібі ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, металлургия және құрылыс сияқты өзге салалардың дамуына серпін береді.
Осылайша, SK Ondeu Негізгі химиялық зертханасы ғылым мен өндірісті ықпалдастыруға бағытталған маңызды қадам болып, технологияларды трансферттеуге, елдің өндірістік әлеуетін нығайтуға және адами капиталды дамытуға септігін тигізеді.