ҚР ҰҒА Президентінің ҚХР елшісімен кездесуі: ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту

2025 жылғы 22 мамырда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чунлин мырзамен кездесті

Кездесу барысында тараптар технологиялар трансфері және бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Ғылым мен инновация саласындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық маңыздылығы атап өтілді. 

Кездесудің басты мәселелерінің бірі — Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму халықаралық бірлескен зертханасын (IIL-SAI&SD) құру болды. Жоба жетекші қытайлық жоғары технологиялық компаниялардың қатысуымен ҚР ҰҒА мен Чжэцзян технологиялық университеті арасында қол қойылған меморандум шеңберінде жүзеге асырылады. 

ҚР Ұлттық ғылым академиясының базасында орналасқан аталған зертханаға, 1 миллиард юань (шамамен 70 миллиард теңге) көлемінде инвестиция салу жоспарланған. Бұл апаттарды болжау, тұрақты егіншілік, ақылды ауыл шаруашылығы, энергетика, логистика, пайдалы қазбаларды барлау және су ресурстарын ұтымды пайдалану сияқты негізгі салалардағы бірлескен зерттеулер үшін маңызды платформа болады. 

Стратегиялық перспективада IIL-SAI&SD «Белдеу және жол» бастамасы аясында Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы ауқымды ғылыми ынтымақтастықты қамтамасыз етеді, жаңа білім мен технологиялардың тиімді трансферіне ықпал етеді, сондай-ақ мамандар мен жас ғалымдарды даярлау деңгейін арттырады. 

Тараптар бұл жоба халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болатынына және Қазақстанда, Қытайда және Орталық Азия өңірінде озық технологияларды енгізуге ықпал ететініне сенім білдірді. 

Кездесу соңында серіктестікті одан әрі кеңейтуге және тұрақты даму мен инновациялық прогресс үшін жаңа бірлескен бастамаларды табысты іске асыруға дайын екендігі расталды.