2025 жылғы 29 мамырда Алматы қаласындағы Каспий университетінің Ғылыми кеңес залында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Жер, ғарыш және коммуникациялар туралы ғылымдар бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Көлік» бағыты бойынша Секцияның кезекті отырысы өтті.
Жиынды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Абай Серікқанұлы Серікқанов ашты. Негізгі баяндамамен Секция төрағасы, техника ғылымдарының докторы, академик Бағдат Бұрханбайұлы Телтаев сөз сөйледі.
Іс-шараға көлік саласының жетекші ғалымдары, сарапшылар, ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері және жас ғалымдар қатысты. Жиында көлік саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға байланысты негізгі мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысына арналған ұсыныстар әзірлеп, еліміздің ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметіндегі стратегиялық міндеттер мен басымдықтарды айқындау жолдары қарастырылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жанындағы Ұлттық кеңеске ғылым мен технологияларды дамыту басымдықтарын ұсынуға бағытталған ұсыныстарға ерекше назар аударылды. Көлік саласының тиімділігін арттыруға арналған аналитикалық анықтамалар мен ұсыныстар дайындау бойынша жұмыс топтарының материалдары қаралды.
Маңызды ұсыныстардың бірі — көлік саласындағы ғылыми зерттеулерді үйлестіріп, отандық ғылымды дамытуға серпін беру үшін Академия жанынан Көлік ғылыми-зерттеу институтын құру. Сонымен қатар, көлік ғылымына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды — интеллектуалды көлік жүйелері мен жол қауіпсіздігін арттыру үшін үлкен деректерді талдау әдістерін жүйелі енгізудің маңыздылығы атап өтілді.





