Мемлекет басшысы IV Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде жануарлар мен өсімдіктер әлемінің алуан түрлілігін сақтау мәселесінің өзектілігін ерекше атап өтті. Бұл байлыққа адамзаттың зиянды әрекеттері салдарынан қауіп төніп тұрғанын ескертіп, Биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру қажеттігін мәлімдеді. Табиғи экожүйелерді сақтау — тек экологиялық мәселе емес, сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азияның орнықты дамуына арналған стратегиялық міндет болып табылады. Осыған орай, биоалуантүрлілікті қорғау бойынша тиімді шешімдер табу үшін ғылыми қауымдастық, сарапшылар мен экологтардың күш-жігерін біріктіру — аса маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы (бұдан әрі – Академия) 2025 жылдың 5 маусымы сағат 09:00-де эколог күніне арналған «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық форум өткізеді.
Форумның басты мақсаты – Орталық Азия өңіріндегі биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерін талқылау, тәжірибе мен пікір алмасу, сондай-ақ өңірдің табиғи экожүйелерінің орнықты дамуына бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеу.
Форум бағдарламасы келесі маңызды мәселелерді қамтиды:
- Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты даму мәселелері.
- Сирек және эндемикалық өсімдіктер түрлерін сақтау (Сиверс алмасын қоса алғанда).
- Биоалуантүрлілікті қорғауда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі.
- Орталық Азияның жануарлар дүниесін сақтау.
- Экотуризм – биоалуантүрлілікті сақтау құралы ретінде.
- Экологиялық білім беру және ағарту.
- Биоалуантүрлілікті сақтау мен мониторинг жүргізудегі ГАЖ-технологиялар.
Форум аясында SIGMA көпфункциялы мобильді кешені – геоаналитика және кеңістіктік мониторинг жүйесі таныстырылады. Бұл – табиғи және антропогендік үдерістерді кеңістіктік-уақыттық талдау арқылы мониторинг жасау мен болжауға арналған цифрлық платформа. Ол экология, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, климат, биоалуантүрлілік және басқа да салаларда қолданылады. Платформа Академия мен Қытай ғылыми институттары арасындағы бірлескен зертханалық жұмыстар аясында кеңінен пайдаланылып, жердің тозуын бақылау, апаттардың алдын алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобаларына іске асыруда қолданылатын болады.
Форумға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Н. Нысанбаев, ҚР Президентінің экологиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі З.Б. Сүлейменова, Нобель сыйлығының лауреаты Риккардо Валентине, Линкольндегі Небраска университетінің профессоры Эндрю Зимброфф, Дрезден технологиялық университетінің профессоры Маттиас Крамер, БҰҰДБ, ЮНЕСКО, ФАО, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары, Ресей, Германия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елдерінің жетекші ғалымдары, сондай-ақ ЖОО, ҒЗИ бірінші басшылары, жас ғалымдар, экология, Қазақстан табиғатын қорғау саласындағы мамандар қатысады.
Форум Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті қорғау мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық, ғылыми зерттеулер мен білім беру бастамаларын қолдау үшін маңызды алаңға айналады.
Форум қорытындысы бойынша қарар дайындалып, онда талқылаулар барысында ұсынылған биоалуантүрлілік мәселелерін шешудің негізгі ұсыныстары, бастамалары мен жолдары көрсетіледі.
Өтетін күні: 2025 жылғы 05 маусым (бейсенбі), уақыты: 09:00
Өтетін орны: Алматы қаласы, Ғылым ордасы, Шевченко көшесі, 28
Аккредитация үшін: Алиханов Куантар Дауленович (+7 775 943 03 05)
Подключиться к конференции Zoom
https://us06web.zoom.us/j/81279420345?pwd=K3GfduFiCsuYBkGVMcGE7P5Jzu3KAb.1
Идентификатор конференции: 812 7942 0345
Код доступа: 489017