Қытай және Орталық Азия академиктерінің ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясына ресми сапары

2025 жылғы 13 маусымда Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясына Тәжікстан, Өзбекстан және ҚХР академиктері мен академиялық, ғылыми қауымдастықтардың өкілдері ресми сапармен келді.

Сапардың басты мақсаты – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту, тікелей кәсіби байланыстар орнату, сондай-ақ іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру перспективаларын, оның ішінде тұрақты энергетика және жас ғалымдардың халықаралық бастамаларға қатысуын талқылау болды.

Сапар мазмұнды бағдарлама аясында өтті. Делегацияларды «Ғылым ордасы» ғимаратының бас кіреберісінде ресми қарсы алу рәсімі өткізіліп, одан кейін Академияның тарихи залдары мен Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы мұражайға экскурсия ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында Академияның негізгі қызмет бағыттары таныстырылды. Қонақтармен Академия жұмысының негізгі бағыттарын Вице-президент Дидар Ғалымұлы Батрышев пен Ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының жетекшісі Анар Нұриділдәқызы Мұхтарова таныстырды.

Құрметті қонақтардың қатарында Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының академигі др Мамадшо Илолов, Тәжікстан Ғылым академиясының вице-президенті д-р Саидмукум Ибодов, Өзбекстан Ғылым академиясының академиктері д-р Қодир Гулямов пен д-р Мухсинжон Ашуров, Самарқанд мемлекеттік университетінің вице-ректоры д-р Акмал Ахатов және Өзбекстан Ғылым академиясының академигі, СамМУ профессоры д-р Саидахмат Лакаев болды.

Қытай тарапынан Қытай ғылым академиясының академигі, профессор Хэ Ялин, Сиань көлік университетінің атқарушы вице-президенті профессор Бе Чжаохун, Инженерлік факультеттің деканы профессор Ван Цюван және профессор София Ушурова қатысты.

Сапар барысында Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және энергетикалық корпорацияларының қатысуына ерекше назар аударылды. Делегация құрамында: China Power Engineering Consulting Group Northwest Electric Power Design Institute компаниясының вице-президенті мырза Ван Цзиньцзюнь, Орталық Азия өңірі бойынша аймақтық директор мырза Лю Ци, Wuxi Chemical Equipment Co., Ltd. компаниясының президенті және бас директоры мырза Цао Хунхай, сондай-ақ China Energy Digital Technology Group Co., Ltd. компаниясының бас директордың орынбасарлары мырзалар Ли Цзюнь, Чэнь Юнъань және Ли Сызэ болды.

Келіссөздер барысында тараптар тұрақты ғылыми диалогты дамытуға өзара мүдделіліктерін растады және ғылыми-техникалық әріптестікті кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Бұл сапар Орталық Азия өңірінде академиялық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадамға айналып, Қытаймен стратегиялық серіктестікті жаһандық ғылыми даму күн тәртібінде нығайтудың айғағы болды.