Климаттың жедел өзгеруі мен жердің тозуы жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы Қазақстан үшін аса маңызды мәнге ие болып отыр. Ұлттық стратегиялар (соның ішінде 2023 жылы бекітілген 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы) аграрлық секторды климатқа бейімделген тәжірибелер негізінде жаңғыртудың қажеттігін айқын көрсетуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша еліміздің шамамен 33% аумағы (90 млн га) тозуға ұшыраған — эрозия, шөлейттену, тұздану және ластану процестері белсенді жүріп жатыр. Оның ішінде 29 млн гектар жер құнарлылығын толық жоғалтқан. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы энергетикадан кейінгі парниктік газдар шығарындыларының екінші көзі болып табылады — бұл сала жалпыұлттық шығарындылардың шамамен 9–10%-ын қамтамасыз етеді. Мұндай жағдай елдің азық-түлік қауіпсіздігін әлсіретуде – тозған топырақ күтілетін өнімді бермей, жаңа жерлерді игеруге итермелейді, бұл өз кезегінде тозу үдерісін күшейтеді. Сонымен бірге, топырақтағы көміртек деңгейін арттыру — климаттық дағдарысты жұмсартудың негізгі тәсілдерінің бірі, өйткені сау топырақ атмосферадағы СО₂-ні сіңіріп, агроэкожүйелердің экстремалды ауа райына төзімділігін арттырады.
Климаттық және экологиялық қауіптердің маңыздылығы түсінікті болғанына қарамастан, Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамытуға кедергі келтіретін жүйелік тосқауылдар сақталып отыр:
Ауыл шаруашылығында көміртекпен басқаруға қатысты мемлекеттік саясат, тұжырымдама, стратегия мен нормативтік-құқықтық база жоқ;Ғылыми негізделген көміртек үнемдейтін агротехнологияларды қолдану деңгейі төмен. Аймақтардың климаттық және топырақтық ерекшеліктеріне бейімделген агропрактикалар жоқ;
Топырақтағы көміртек қорларын ұлттық деңгейде қадағалау мен кадастр жүргізу жүйесі жоқ. Бұл көміртекті сіңіру әлеуетін бағалауға және климаттық міндеттемелердің орындалуын бақылауға мүмкіндік бермейді;
Көміртек бірліктерін тексеру және есепке алу жүйесі дамымаған. Қазақстанда көміртек сіңіру нәтижелерін растау және көміртек бірліктерін ерікті немесе реттелетін сауда жүйесіне енгізу тетіктері әзірленбеген;
Кадрлық ресурстар шектеулі. Климатқа төзімді және көміртекті егіншілік саласында мамандар дайындығының деңгейі төмен;
Қаржылық және экономикалық кедергілер бар. Көміртекті практикаларды субсидиялауға арналған мемлекеттік мақсатты бағдарламалардың жоқтығы, фермерлердің инвестиция мен халықаралық климаттық қорларға қолжетімділігінің шектеулігі технологияларды енгізуді тежейді.
Аталған кедергілерді жою және көміртекті егіншілікті аграрлық саясат жүйесіне енгізу үшін кешенді тәсіл қажет.
Біріншіден: Қазақстан Республикасында көміртекті егіншілікті табысты дамыту үшін агроэкожүйелерде көміртекпен басқарудың жүйелі үлгісі қажет. Академия осы бағыттың маңыздылығын ескере отырып, келесі ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаның техникалық тапсырмасының жобасын бастамалап, әзірледі: «Көміртекті егіншілікте топырақтағы көміртек пен парниктік газдарды басқарудың кешенді және интеграциялық тәсілдері — Қазақстан агросекторының топырақ құнарлылығын арттыру және климаттық тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиясы». Аталған бағдарлама органикалық көміртек қорын арттыру, топырақ құнарлылығын және климаттық тұрақтылықты көтеру бойынша зерттеулерді үйлестіру мен технологияларды енгізудің негізіне айналуы тиіс.
Екіншіден: Мемлекеттік саясатты әзірлеу және институционализациялау, көміртекті егіншіліктің жан-жақты тұжырымдамасын нақты мақсаттар, басымдықтар және ведомствоаралық үйлестіру механизмдерімен қабылдау. Бұл саясаттың маңызды элементі — көміртек практикаларын ауыл шаруашылығы мен экологияны дамытуға арналған қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға біріктіру;
Үшіншіден: Ғылыми негізделген агротехнологияларды кеңінен енгізу, әр аймақтың нақты агроэкологиялық жағдайына бейімделген көміртек үнемдейтін практикаларды әзірлеу және енгізу. Негізгі екпін — қайта қалпына келтіретін егіншілікке, нөлдік өңдеуге, жабуыш дақылдар мен агроорман шаруашылығына бағытталуы тиіс.
Осы бағытта Академия нақты жұмыс жүргізіп жатыр: биылғы 19 маусымда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ тәжірибелік алқаптарында «Тұрақты ауыл шаруашылығы: органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту» тақырыбында Егінжай күні аясында семинар-кеңес өткізілді. Онда оңтүстік аймақ фермерлері мен қатысушыларға көміртек үнемдейтін агротехнологиялар көрсетілді, Канада, Дания және Ресейдің жетекші ғалымдарының баяндамалары арқылы көміртекті егіншілік бойынша толық ақпарат берілді;
Төртіншіден: Технологиялардың тиімділігін ұзақ мерзімді бақылауға, бағалауға және климаттық бейтарап практикаларды көрсетуге арналған өңірлік репрезентативті көміртек полигондарының желісін құру. Осы бағытта Академия Ресей Ғылым академиясының Агроэкология, кешенді мелиорация және орман қорғау федералдық ғылыми орталығымен бірлесіп, Алматы облысындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ базасында пилоттық көміртек полигонын құру жобасын бастаған;
Бесіншіден: Көміртек қорларын картаға түсіру және кадастр жүйесін енгізу: қашықтықтан зондтау, ГАЖ, жасанды интеллект және математикалық модельдеу технологияларын пайдалану арқылы топырақ көміртек әлеуетін ұлттық және өңірлік деңгейде дәл есептеу және бақылау;
Алтыншыдан: Көміртек бірліктерін тексеру және есепке алу механизмдерін әзірлеу, көміртек бірліктерін растау және тіркеудің институционалдық механизмдерін құру — бұл квотамен сауда жүйесіне қатысуға және ұлттық көміртек нарығын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде инвестициялар мен көміртек үнемдейтін технологияларды субсидиялауды ынталандырады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ерікті және реттелетін көміртек несиелері сауда жүйесіне қатысу мүмкіндігі пайда болады. Осылайша, агросекторға инвестициялар тарту мүмкін болады — «ұсталған» әрбір тонна көміртек нарықта құндылыққа ие болады (сауда немесе субсидия арқылы), бұл көміртек үнемдейтін практикалардың қаржылық тартымдылығын арттырады.
Ұсынылған шаралар Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамытудың жүйелі негізін құруға мүмкіндік береді. Бұл тозған жерлердің құнарлылығын қалпына келтіріп, өнімділікті арттырып қана қоймай, саланың көміртек ізіне айтарлықтай әсер етеді. Бұл шаралар азық-түлік пен экологиялық қауіпсіздік міндеттеріне толық сәйкес келеді. Мемлекеттік саясаттан бастап тәжірибелік полигондар мен ғылыми жобаларға дейінгі ұсыныстардың кешенді сипаты ең жоғары тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған шараларды жүзеге асыру ауыл шаруашылығының ұлттық әлеуетін нығайтып, Қазақстанға климат бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауға және көміртек бейтараптығына қол жеткізу мақсатына ілгерілеуге жол ашады.