Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев Ғылым академияларының халықаралық қауымдастығының (ҒАХҚ) XXXVII-ші мәжілісіне қатысты

2024 жылғы 19 қыркүйекте Ресей Ғылым академиясының Президиумында Ресей Ғылым академиясының 300 жылдығына арналған Ғылым академияларының халықаралық қауымдастығының (ҒАХҚ) кеңесінің 37-ші мәжілісінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Вьетнам, Қырғызстан, Өзбекстан, Черногория, Әзербайжан, Куба және Қытайдың ғылым академиялары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты.

Ғылым академияларының халықаралық қауымдастығы (ҒАХҚ) ТМД елдерінің ғылым академияларын, университеттерді және Кариб теңізі аймағынан Азияға дейінгі ірі ғылыми орталықтарды қамтитын 27 ұйымды біріктіреді. ҒАХҚ-ның жоғарғы басқарушы органы – Кеңес.

2017 жылдан бері ҒАХҚ-н ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдауды Беларусь Ұлттық ғылым академиясы жүзеге асырып келеді, оны Беларусь Ұлттық ғылым академиясы Президиумының төрағасы, академик Владимир Гусаков басқарады. Ресейдің ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков құттықтау сөзінде ҒАХҚ мүшелерін Ресейдің ғылыми мегажобаларына қатысуға, сондай-ақ ҒАХҚ-га мүше елдердің жас ғалымдарын қараша айында «Сириус» білім беру орталығында өтетін Жас ғалымдар конгресіне қосылуға шақырды.

Ресей Ғылым академиясының президенті, академик Геннадий Красников «Ресей Ғылым академиясының мерейтойы: 300 жылдық ұлы дәстүрлер» атты баяндамасында Ғылым академиясының құрылу тарихы мен оның қазіргі Ресейдің мемлекеттік ғылыми саясатындағы маңызды рөлі туралы жан-жақты айтып өтті.

ҒАХҚ-ның академияаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмысы туралы Беларусь Ұлттық ғылым академиясы Президиумының төрағасы, академик Владимир Гусаков баяндады.

Кеңес мәжілісінде ҒАХҚ-на мүше елдердің өкілдері де сөз алып, бірлескен жұмыс нәтижелері мен зерттеу жетістіктерін таныстырды.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевакадемияның қызметі және ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың перспективалары туралы баяндады. Ол Қазақстанның ҒАХҚ-ның күш-жігері арқасында қол жеткізілген жетістіктерді жоғары бағалайтынын және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды толық қолдайтынын атап өтті.

Ақылбек Күрішбаев ҒАХҚ жұмысына жас ғалымдарды тартудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, ғылымның болашағы жас буынды ғылыми жұмысқа тартудың тиімділігіне тікелей байланысты. Президент сондай-ақ Қазақстанның жас ғалымдарды қолдауға бағытталған жобаларға белсенді түрде қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Күрішбаев өз сөзінде ҒАХҚ-ның ғылыми кеңестерінің жұмысын оңтайландыру бойынша ұсыныстарды қолдап, әсіресе ғылыми зерттеулерді үйлестіру және бірлескен бағдарламаларды әзірлеу бағытындағы күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Сөз барысында ол Қазақстан үшін басым бағыттар болып табылатын экология, климаттың өзгеруі және су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Өз сөзін қорытындылай келе, Ақылбек Күрішбаев ҚР Ұлттық ғылым академиясы мәжіліс барысында ұсынылған барлық бастамаларды қолдайтынын және олардың жүзеге асырылуына белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Мәжіліс аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы мен Беларусь Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу және олардың нәтижелерін Қазақстан мен Беларусьте коммерцияландыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға келісті. Меморандум сонымен қатар идеялармен, ақпаратпен, технологиялармен алмасуды және екі елдің ғылыми инфрақұрылымын бірлесе пайдалануды қарастырады.

Дәстүр бойынша ҒАХҚ аясында ҒАХҚ-на мүше елдердің Жас ғалымдар кеңесінің (ЖҒК) кездесуі өтті. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ЖҒК төрағасы Мақсат Жабағин және Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылымдар орталығының директоры Қуантар Алиханов баяндама жасады. Мәжіліс барысында өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен ЖҒК-ның жақын болашаққа арналған жоспарлары талқыланды.

ҒАХҚ Жас ғалымдар кеңесінің алдағы міндеті – зерттеушілерді қолдау, ТМД елдерінің жас ғалымдар қауымдастықтары қызметін үйлестіру тәжірибесімен алмасу және ҒАХҚ-на мүше елдердің ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттары бойынша бірлескен міндеттерді шешу үшін ғылыми ұжымдарды біріктіру механизмдерін әзірлеу.  

Сапардың нәтижесінде Ресей Ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесі, Біріккен ядролық зерттеулер институтының Жас ғалымдар мен мамандар қауымдастығы (ОИЯИ ОМУС) және ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.