2024 жылғы 20 қарашада Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясы (ҰҒА), Орталық Азияның тұрақты даму инновациялық бюросы (CASIB) және Мартин Лютер атындағы Галле-Виттенберг университеті (MLU) өкілдерінің кездесуі өтті.
Күн тәртібінің басты мәселелері Қазақстан мен Германия арасындағы академиялық және зерттеу байланыстарын нығайту, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылау болды.
Кездесуге ҰҒА тарапынан академия вице-президенті, PhD докторы Абай Серікқанұлы Серікқанов, Ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының басшысы, PhD докторы Анар Нұриділдәқызы Мұхтарова, сондай-ақ бас академиялық қызметкер Ботагөз Шакербаева қатысты. Мартин Лютер университетін профессор, жоба үйлестірушісі Герт Шмидт және клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер Дороте Клей таныстырды. CASIB атынан Орталық Азияның тұрақты даму инновациялық бюросының басшысы, PhD докторы Петер Либельт пен ассистент Ассия Сағымбай қатысты.
Талқылаулар барысында болашақтағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ұсынылды, соның ішінде тұрақты даму, экологиялық инновациялар саласындағы бірлескен зерттеулер мен академиялық кадрлар алмасу мәселелері қарастырылды. Қатысушылар екі елдің ғылыми институттары арасындағы тығыз байланыстар орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Мартин Лютер атындағы Галле-Виттенберг университеті – 1502 жылы құрылған, Германияның ең көне университеттерінің бірі. Ол медицина, химия және басқа да салалардағы жетістіктерімен, сондай-ақ халықаралық серіктестік желісінің кеңдігімен танымал. Германия Федералды білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің қолдауымен қаржыландырылатын CASIB Орталық Азияда ғылыми жобалар мен инновациялық бастамалар арқылы тұрақты дамуға ықпал етеді.
Кездесу ынтымақтастықтың келесі кезеңдерін жоспарлауға келісім жасасумен аяқталды. Бұл кездесу Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми және экономикалық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.