Академик Камал Сәруәрұлының отбасы мен жақындары, қазақстандық медицина қоғамдастығы, әріптестер!

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы ұжымы атынан және өз атымнан еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ормантаев Камал Сәруәрұлының өмірден озуына байланысты артында қалған әулеттегі барлық бауырларына, жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын!

Камал Сәруәрұлы – өз өмірін балалар хирургиясына арнаған, еліміздің медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар ғалым, білікті хирург және ұлағатты ұстаз еді. Оның ғылыми еңбектері, әсіресе балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіру, өңеш күйігін емдеудің жаңа тәсілдерін табу, іріңді перитонит пен остеомиелитті емдеудегі зерттеулері – отандық медицинаның дамуына орасан зор үлесін тигізді.

Академик Камал Сәруәрұлы тек ғылым жолында ғана емес, шәкірт тәрбиелеуде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол Қазақстанда педиаторлардың, балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтарының, ортопед-травматологтарының ғылыми мектебінің негізін қалады. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің медицина саласында абыройлы қызмет атқарып, дамуына өз үлестерін қосуда.

Камал Сәруәрұлының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды. Ол «Жыл дәрігері» номинациясы бойынша «Алтын адам» сыйлығын екі мәрте алып, «Тарлан-2004» иегері болды, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағына ие болған.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы академик Камал Сәруәрұлы Ормантаевтың қазақ ғылымына сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Марқұмның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, ғалымның алды пейіш, арты кеніш, иманы саламат болсын. Артында қалған барлық жақындарына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін.

Академия Президенті Akhylbek Kurishbayev

12.02.2025 ж.