2025 жылғы 29 қаңтарда Маскат қаласында (Оман) өткен Халықаралық ғылым диалогы мен Халықаралық ғылым кеңесінің (ISC) Үшінші Бас Ассамблеясы аясында Орталық Азия және Кавказ академияларының өкілдері ғылыми қауымдастықты дамыту перспективаларын талқылау үшін бас қосты. Кездесудің негізгі тақырыбы – өңірде ISC-тің аймақтық өкілдігін құру мүмкіндігін қарастыру болды.
Кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Ресей және Түркия Ұлттық ғылым академияларының өкілдері қатысты. Қатысушылар өңірлік ғылыми ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін атап өтіп, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту және озық технологиялармен алмасу арқылы бірлескен бастамаларды дамыту маңыздылығын ерекше атап көрсетті.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының атынан Вице-президент, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ляззат Тасболатқызы Ералиева онлайн форматта сөз сөйледі.
«Ғылым шекара білмейді. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру ерекше маңызға ие. Қазақстан – аймақтағы ғылыми әлеуеті жоғары және стратегиялық маңызы зор ел ретінде ISC-тің өңірлік өкілдігін құру және дамытуға өз үлесін қосуға әзір», – деп атап өтті профессор Л.Т.Ералиева
Кездесу барысында ISC президенті Питер Глюкман ұйымның миссиясы мен стратегиялық мақсаттарын таныстырса, ISC бас директоры Сальваторе Арико кеңестің қазіргі аймақтық өкілдіктерінің қызметі туралы баяндама жасады. Талқылау нәтижесінде академия өкілдері ISC-тің өңірлік құрылымын қалыптастыру және оның тиімді жұмыс істеу форматын айқындау мақсатында әрі қарай диалог пен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Кездесуге қатысушылар өңірлік ғылыми серіктестікті кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, ISC-тің аймақтық өкілдігін құру бастамасын бірауыздан қолдады. Бұл өкілдік өңірдегі ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты үйлестіріп, халықаралық ғылыми қауымдастыққа интеграциялану мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізбек.
ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Халықаралық ғылым кеңесінің бастамаларын әрі қарай қолдап, өңірлік ғылыми серіктестікті нығайтуға белсенді атсалысуға ниетті.
Анықтама: Халықаралық ғылым кеңесі (International Science Council, ISC) – әлемнің ғылыми академиялары мен қоғамдарын біріктіретін жетекші халықаралық ұйым. Оның басты мақсаты – ғылымды жаһандық қоғамдық игілік ретінде дамыту, ғылыми қауымдастықтың интеграциясын жеделдету және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты тереңдету.