Алматы қ., 11 сәуір 2025 жыл – Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы еліміздегі ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған ауқымды салтанатты іс-шара өткізді. Іс-шара отандық ғылымның жетістіктерін дәріптеу, ғылыми қызметкерлердің еңбегін мойындау, сондай-ақ жас ғалымдарды ынталандыру және олардың инновациялық бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара бағдарламасы аясында ғылыми-инновациялық әзірлемелердің көрмесі ұйымдастырылып, онда қазақстандық ғалымдардың іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері көрсетілді. Көрмеге түрлі салалардағы ғылыми жобалар мен жаңалықтар қойылып, ғылым мен инновацияның болашағын қалыптастыратын маңызды жобалар көпшіліктің назарына ұсынылды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің құттықтау сөзін ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов жеткізіп, отандық ғылым саласындағы жетістіктер мен ғалымдардың үлесіне ерекше тоқталды.
ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА академиктері С.Ақшолақов, Э.Батырбеков, Б.Телтаев және талантты жас ғалым Ж.Сабитов өз ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісіп, қызықты, мазмұнды баяндамалар жасады.
Отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінң ведомствалық наградалармен 13 ғалым марапатталды.
Көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған естелік төсбелгілермен еліміздің танымал, беделді 31 ғалым салтанатты түрде марапатталды.
Бұл шара ғалымдардың еңбегін жоғары бағалаудың, ғылымның даму жолындағы олардың үлкен еңбегінің мойындалуының көрінісі болды.
Маңызды тарихи сәт – «Сәтбаев сакураларын» отырғызу:
Ғылым ордасының ауласында ерекше символдық мәнге ие «Сәтбаев сакураларын» жаңғырту рәсімі ұйымдастырылды.
Бұл бастама – қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу ғана емес, сонымен қатар еліміздің ғылым тарихына құрмет пен тағзым белгісі. Сакура ағаштарын алғаш осы жерде академик Қаныш Сәтбаевтың құрметіне өткен ғасырдың 60-шы жылдары жапон делегациясы отырғызғаны белгілі.
Салтанатты отырғызу рәсіміне академиктер, депутаттар, жапондық делегациясы мүшелері, ғылыми қоғамдастық белсенділері қатысты.
Бұл іс-шара Қазақстанның ғылыми қауымдастығы үшін маңызды оқиға болып, отандық ғылымның болашағына қосылған зор үлес ретінде бағаланды.














