Қазақстан мен Қытай ғылыми байланыстарды нығайтуда: Биньчжоу делегациясының сапары мал шаруашылығы мен ветеринария саласындағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашуда

2025 жылғы 18 маусымда Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен ҚХР Шаньдун провинциясындағы Биньчжоу мал шаруашылығы және ветеринария академиясының (Shandong Binzhou Animal Science & Veterinary Medicine Academy) делегациясы арасында ресми кездесу өтті. Бұл сапар ветеринария, биоқауіпсіздік және мал шаруащылығы салаларындағы екіжақты ғылыми диалог пен технологиялық алмасуды нығайтудың маңызды кезеңіне айналды.

Қытайлық делегацияны халықаралық ғылыми ынтымақтастық саласындағы танымал профессор Чжан Бин бастап келді. Кездесу барысында ол Қазақстанда Академия филиалын ашу, зооантропоноздық аурулар бойынша Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасын құру және ветеринарлық препараттар, ауылшаруашылық техникасы мен жем-шөп салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың халықаралық платформасын ұйымдастыру секілді бастамаларды таныстырды. Сондай-ақ, жануарлар ауруларының алдын алу технологияларын бірлесе әзірлеу, ғылыми кадрлар даярлау, бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми жобалар даярлау және тәжірибе алмасу бағдарламаларын іске асыру бағыттары ұсынылды.

Қазақстан тарапынан кездесуге Ұлттық ғылым академиясының академиктері, қызметкерлері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты, Қазақ ғылыми зерттеу ветеринариялық институты, Микробиология жіне вирусология ғылыми орталығы, Генетика және физиология институты, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты және «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының басшылары, ғалымдары қатысты. Тараптар ұсыныстарды тәжірибелік іске асыруға көшуге дайын екендіктерін растады және ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қызығушылықтарын білдірді.

1963 жылы құрылған Биньчжоу мал шаруашылығы және ветеринария академиясы – Шаньдун провинциясындағы жетекші қолданбалы ғылыми мекемелердің бірі. Академия құрамында халықаралық зертханалар, постдокторантура станциясы және вакцинология, зооноздарды бақылау мен цифрлық ветеринария салаларында мойындалған ғылыми платформалар жұмыс істейді. Профессор Чжан Биннің ғылыми жетекшілігімен 30-дан астам ұлттық және провинциялық жоба іске асырылып, ондаған шетелдік сарапшы тартылған, сондай-ақ Канада, Ұлыбритания, Аустралия, Жапония және Қазақстанның ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылған.

Бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми серіктестіктің жоғары әлеуетін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, трансшекаралық инфекциялармен күреске және Орталық Азиядағы орнықты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірлескен инновациялық шешімдерді қалыптастыруға деген ортақ мүддені көрсетті.