Астанада Walter E.Dandy атындағы нейрохирургия қауымдастығы X Дүниежүзілік конгресінің салтанатты ашылуы өтті

2025 жылдың 27 маусымында Астана қаласында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ нейрохирургтары ассоциациясымен бірлесе ұйымдастырған Walter E. Dandy нейрохирургия қауымдастығының X Дүниежүзілік конгресінің ашылу салтанаты өтті.

 Бұл маңызды халықаралық іс-шараға әлемнің 20 елінен (АҚШ, Еуропа, Азия) 400-ден астам жетекші нейрохирургтер, ғалымдар мен медицина саласының сарапшылар қатысып, нейрохирургиядағы заманауи технологиялар, күрделі патологияларды емдеу және қолдануға ұсынылатын инновациялық әдістер бойынша мазмұнды баяндамалар жасалып, маңызды ұсыныстар беріліп, қызықты талқылаулар өтуде.

 Конгресстің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Көшербаев Ермек Беделбайұлы мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы, Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Асхат Қанатұлды Аймағамбетов қатысып, сөз сөйледі.

 Конгресстің салтанатты ашылуында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол еліміздің медициналық ғылым саласындағы жетістіктеріне тоқталып, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті: «Бұл Конгресс – нейрохирургиялық ғылым мен тәжірибе алмасудың, жоғары технологияларды енгізудің және жаһандық ғылыми кооперацияны нығайтудың маңызды алаңы. Оның Қазақстанда өтуі — отандық нейрохирургия мектебінің әлемдік деңгейде мойындалғанының айғағы.

Қазақстанның нейрохирургия саласындағы ілгерілеуінде ерекше орын алатын тұлға – профессор, академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, “Қазақстанның Еңбек Ері” Серік Қуандықұлы Ақшолақов. Оның жетекшілігімен елімізде бұрын қолданылмаған 60-тан астам жаңа технология енгізіліп, мыңдаған күрделі операциялар сәтті орындалды.

Басқарып отырған Ұлттық нейрохирургия орталығы бүгінде клиникалық тәжірибе, ғылыми зерттеу және білім беру үдерістерін біріктірген заманауи үлгідегі орталыққа айналды. Бұл – ғылым мен практиканың табысты интеграциясының нақты үлгісі.

Ұлттық ғылым академиясы алдағы уақытта да медицина, биотехнология және нейроғылым салаларындағы бастамаларды жан-жақты қолдап, ғылымды қоғам мен адамның өмір сапасына нақты әсер ететін тірі жүйе ретінде дамытуға күш салады» деп атап өтті.

 Конгресс аясында ми ісіктерін, эпилепсияны, краниопагтарды емдеу, тамырлы және функционалдық нейрохирургия, роботтандырылған операциялар, радиохирургия сияқты өзекті тақырыптар қарастырылып, халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашылды.

Конгресс бағдарламасы бойынша екі күнге жалғасып (27-28 маусым), нейрохирургия саласындағы әлемнің жетекші сарапшыларының 40-тан астам баяндамалары, пленарлық сессиялар мен мастер-кластар, соңғы ғылыми және клиникалық әзірлемелерді талқылау, нейрохирургия саласындағы инновациялық жобалардың тұсаукесерлері жоспарланған.