Ғылым – ел дамуының көрсеткіші

Өркениет өрісі кең елдермен үзеңгі қағыстыруымыз үшін ғылымды дамытуымыз керек. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан бірден-бір оқу орны Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті десек, ешкім күмән келтіре қоймас. Жуықта Өскеменге жұмыс сапарымен келген Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария бастаған делегация да аталған оқу орнына ат басын бұрып, оң баға берді.

Сонымен қатар делегация құрамында академияның вице-президенті, академик Ас­қар Жұ­маділдаев, Ғылым депар­та­ментінің директоры Руслан Нұр­­лыбаев, академияның бас­­қар­­ма бас­шысы Мақсат Бө­лен­баев және кеңесші-сарапшы Дәу­рен Нұ­ғыманов болды. Олар ғылым са­ласымен белсене ай­налысып отырған оқу ор­нына экскур­сия жасап, студент­термен, оқы­­тушылармен тіл­десті. Оқу ор­нының ғылыми же­тістіктерін, ма­те­риалдық-тех­никалық база­сын көрді, ғылыми жобалар көрмесін тамашалады. Бұдан кейін «ШҚО жоғары оқу орындары мен кә­сіпорындарының ғылыми ын­ты­мақтастығы: мәсе­лелері мен бо­лашағы» тақырыбында алқалы жиын өтті.

Делегация құрамы өңірлік жоғары оқу орындарының ты­ныс-тіршілігімен танысуды Шы­ғыстан бастауды жөн көрген.

Ұлттық ғылым академиясы – Президент жанындағы жо­ғары ғылыми ұйым. Ол ғылым­ды да­мытудың өзекті мәселе­ле­рін шешу және ғылыми нәти­желер деңгейін арттыру үшін өңір­лердің ғылыми әлеуетін тиімді пай­да­лануға мүмкіндік береді.

Мәртебелі меймандармен қатар өнеркәсіптік кәсіп­орын­дардың, ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарының өкілдері қа­тыс­­қан дөңгелек үстел жұмы­сының барысында университет ғалымдарының ғылыми жо­балары талқыланып, ғылым са­ласындағы түйткілді мәселелерді шешу тетіктерін әзірлеу мә­селесі қаралды.

Күнсұлу Закарияның айтуынша, өңірлерде ғылымды дамытуды бұдан да жоғары деңгейге көтеру қажет. Себебі Өскемен – өндірістік қала. Ғылымның нағыз дамитын ортасы.

– Өңірлердегі ғылымды дамыту маңызды. Шығыс өңірінде ірі өнеркәсіп орындарының шо­ғырлануына байланысты мұнда ғылымды дамытудың әлеуеті жо­ғары. Сондықтан ғылым, өнер­кәсіп және бизнес индустрия­сы жобаларды жүзеге асыру ке­зінде қатар жүруі керек, – деді К.Закария.

Университет ректоры Сәуле Рахметуллина жиында айтылған барлық мәселе нақты шешімін тауып, жоба түрінде көрініс табатынын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде ғы­­лымның дамуына айрықша назар аударып, қолданбалы зерт­­теулердің маңыздылығын, осы бағытта бизнес пен универ­ситет­терді шоғырландыру қажет­ін атап өткен еді.

Ректордың айтуынша, Шы­ғыс Қазақстан техникалық уни­верситеті бүгінде үш әлеуметтік маңызды функцияны атқарады. Олар – жоғары білікті мамандар даярлау, жаңа білім беру және қоғамға қызмет көрсету.

Бұл жоғарғы оқу орын облыс­тың инженерлік кадрларға деген негізгі қа­жеттілігін қамтамасыз етеді. Сту­денттер облыстағы 290 кәсіп­орында өн­­дірістік тә­жі­ри­бе­д­ен өтіп, оларда жыл сайын мыңнан астам жас маман жұмысқа орналасады.

Университеттің «үштік спи­раль: университет, бизнес, би­лік» үлгісін енгізудің біре­гей тәжірибесі бар. Сонымен қатар бірлескен зерттеулердің нә­ти­желері бойынша технологиялар әзірленіп, тәжірибелік үлгілер алынған. Ком­мерцияландыруға дайын өнім­дердің үлгілерін өн­діріске енгізу жұ­мыстары жүр­гізіліп жатқаны айтылды.

Шара барысында Қазақ­стан-Аме­рика еркін уни­вер­ситетінің президенті Ере­жеп Мәм­бетқазиев, С.Аман­жолов уни­верситетінің рек­­торы Мұх­тар Төлеген, «Машзавод» ЖШС мен «Өскемен өнер­­кәсіптік ар­ма­тура заводы» АҚ бас­­шы­лары өңірдегі ғылым саласын дамы­туға, жоғары оқу орындары мен кәсіп­орындардың ғылыми ын­­­ты­мақтастығын нығайтуға қа­­тыс­ты мазмұнды баяндамалар жа­­сап, өз ұсыныстарын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы

21.06.2023