Алматы әкімдігі ғылымға қолдау көрсетеді

Қала тарихын жіті білетіндер бір кездері қазақ ғылымының негізгі орталығы ретінде жер-жерде өндіріс орындарының қыз-қыз қайнап жұмыс істегенін айта алады. Ал, қазір ше?

Жуырда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ғалымдардың басын қосып, жиын өткізді. Бұл туралы ҚР ҰҒА Баспасөз қызметі хабар таратты. Нақтылап айтсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясына ұсыныс білдіріп, Алматыға бейімді ғылыми жобалар қажет екенін айтыпты. Әкімнің ұсынысын құп көрген ҚР ҰҒА 2 ай бойы ғылыми қауымдастықты аралап, 50-ге жуық жобаны ұсынған. Оның 11-і әкімдік қабырғасында таныстырылды. Ерболат Досаевтың өзі бас болып, әр жобамен жіті зерделеді. Басқосуға ҚР ҰҒА ұжымы мен ғалымдар, сондай-ақ әкімдік қызметкерлері де қатысты.

Ұтымды жобаның бірі – жол талғамайтын электрлі самокаттар. Электросамокаттарды өндіріске енгізудің тиімділігін шаш етектен. Автордың айтуынша,  бұл көліктер қоршаған ортаға зиянсыз, үнемді әрі жұртшылықтың салауатты өмір салтына ықпал етеді. Құрылымы қарапайым электросамокаттың қуатты үш сағатқа жетеді.  Курьерлік, туристік, орман шаруашылығы, шекара қызметі үшін тиімді. Бір артықшылығы генератор өз-өзін қуаттауға қауқарлы.

Қаладағы көлік жүйесінің Sergek Digital Twin цифрлы көшірмесі көлік және жаяу жүргіншілер туралы ақпарат жинауға негізделген. Бұл жоба интеллектуалды бағдарламалық кешенді жинақтауға мүмкіндік береді. Полиция жүйесінің жұмысына кедергі келтірместен ақпаратты толыққанды өңдеу мүмкіндігі мол.

«Алдыңғы қатарлы халықаралық тәуекелдерді бағалау бағдарламаларын пайдалана отырып, жол қауіпсіздігін арттыру» жобасы жолды бір және бес жұлдызды тәсілмен бағалайды. Жоба авторлары жол сапасын бағалайтын халықаралық iRAP бағдарламасын елімізге икемдеп, QazRAP бағдарламасын енгізу қажеттігін жеткізді. Еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу, жол-көлік апаттарының санын төмендету, адам шығынын болдырмау мақсатында көлік қозғалысын ғылыми тұрғыдан зерттеп қана қоймай, басқарудың зияткерлік жүйелерін әзірлеумен айналысу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.

Қала әкімінің болашақты ғылыммен байланыстыруы өте жақсы құбылыс. Бұл бастамалар әрі қарай дамыса, Алматы ғылымның қаласына айналуы әбден мүмкін. Мұндай бастаманы өзге өңір басшылары да қолға алса отандық ғылымның айы оңынан туары сөзсіз.

14.07.2023