Бизнес және ғылым бірлескенде ғана технократ жастар көбейеді

Астанада ҚР Президенті  жанындағы Ұлттық ғылым академиясы  мен Qalan халықаралық білім беру платформасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Мемлекеттік ғылым ордасы мен бизнес өкілдері ынтамақтастық аясында ғылымды қолдауға және бірлесе дамытуға уағдаласты. Дәлірек айтқанда, ғылыми-көпшілік кітап, журналдарды бірлесіп әзірлеу мен басып шығару, онлайн-контент жасау, сондай-ақ Қазақстанда ғылымды дамыту және  көпшілікке насихаттау. Тағы бір мақсаты – жас ғалымдарды қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру.

Осы бағытта жүзеге асырылған алғашқы жоба — «Әл-Жәбрдің атасы» ғылыми-танымдық журналдың жарыққа шығуы. Журнал белгілі-математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтің идеясымен, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы қолдауымен және Qalan жобасының қаржыландыруымен жарық көрді.

Басылым Алматы және Астана қауымдастығына ресми түрде таныстырылды. Журналға ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Парламент депутаты Асхат Аймағамбетов, Президенттің баспасөз-хатшысы Берік Уәли, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Бекет Қабиденұлы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева, әліппе оқу-бағдарламасының авторы Бижан Игенбаева, сондай-ақ, белгілі журналистер мен қоғам белсенділері жылы лебізін білдірді.

«Ағартушылық функциясы бар журнал»

Мәселен, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли:  «Ғылым мен білімді насихаттайтын «Әл-Жәбрдің атасы» атты балғын балдырғандарға арналған журналдың оқырмандарға жол тартқаны қуантып отыр. Бұл басылымның жарыққа шығуы халқымыздың ғылыми әлеуеттін арттыруға бағытталған ізгі шаралардың бірі болмақ», — деді.

Ал, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов: «Осы журналдың шығуының үлкен ағартушылық функциясы бар. Балалар ғылымға бірден өз бетінше келе салмайды, оларды біз қызықтырып, балалардың ғылымға деген ерекше сезімдерін оятуымыз керек. Балалар осындай жеңіл тілмен жазылған, визуалы әдемі журналдарды жақсы көреді. «Юный техниктің» жазылушылары бір миллион, «Юный натуралист» тиражы 3,5 миллион болды. «Әл-Жәбрдің атасы да» осындай журналдардың бірі болады деп мен сенемін»,-деген сенім білдірді.