Қазақстан мен Түркия ғылым академиялары меморандумға қол қойды

25-27 желтоқсан аралығында Түркияның Ғылыми-технологиялық зерттеу кеңесі және Түркі академиясының ұйымдастырумен өткізіліп жатқан «Өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу үшін түркітілдес мемлекеттер арасындағы ғылыми негізделген көпжақты ынтымақтастық пен бірлестік» шарасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым Академиясының Басқарма Президенті Күнсұлу Закарья мен Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Анар Мұхтарова Түркия Республикасындағы Түрік ғылым академиясының (TUBA) Президенті профессор Мұзаффер Шекермен кездесті.

Кездесуде елдің ғылыми басым бағыттары, Академия жұмыстары мен болашақ ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.

Аталмыш кездесуде сонымен қатар Түрік ғылым академиясының толық мүшесі және Азия ғылым академиялары мен қоғамдарының қауымдастығы (Association of Academies and Societies of Sciences in Asia, AASA) Президентінің міндетін атқарушы профессор Ахмет Нури қатысты. Профессор Ахмет Нури 1984 жылы құрылған AASA ұйымының тарихына шолу жасап, бүгінгі жұмысымен таныстырды.

Кездесу соңында Академия Президенті Күнсұлу Закарья мен Түрік ғылым академиясының (TÜBA) Президенті профессор Мұзаффер Шекер Меморандумға қол қойды.