2024 жылдың 8-ші ақпанында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев алғашқы көпшілік кездесуін еліміздің озық университеттерінің бірі – Назарбаев Университетінде жетекші ғалымдармен, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелерімен, Астана қаласындағы ЖОО-лары мен ҒЗИ-ларының басшыларымен өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – Отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін шешу бойынша конструктивті диалог құру, еліміздің танымал ғалымдарымен пікір алмаса отырып, олардың Ғылым академиясының жаңа миссиясы бойынша көзқарасын білу.
Академия Президенті – А.Қ. Күрішбаев Қазақстан ғылымының дамуына кедергі келтіретін мәселелерге тоқталып, оларды шешу барысында Академияның негізгі үлесі тек бүкіл ғылыми қауымдастықтың қолдауы арқылы ғана жүзеге асатынын ерекше атап өтті.
Жетекші ғалымдардың күш-жігерін біріктіру, барлық мүдделі субъектілердің Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық даму бағыттарын конструктивті талқылауы үшін жағдай жасау және ғылыми әлеуетті шешімдердің әсерін іс жүзінде сезілетін міндеттерге бағдарлау – Академияның жаңа миссиясының басымдылы болып табылады. Дөңгелек үстелге әртүрлі ғылым салаларынан 60-тан астам ғалым қатысты. Ашық диалог барысында олар ғылыми зерттеулерді дамытудың негізгі мәселелері бойынша конструктивті ұсыныстар айтты, сондай-ақ Ғылым академиясының қызметінен ғылыми қоғамдастықтың не күтетіні баяндалды. Кездесу ашық және сенімді қарым-қатынаста өтті.
«Ғылым академиясының ғалым қауымдастығымен кездесуі университетіміздің қабырғасында өтіп жатқанына қуаныштымыз. Бастапқыда зерттеу университеті ретінде ойластырылған NU зерттеуге көп көңіл бөледі. Бұл бар болғаны 13 жыл ішінде Times Higher Education рейтингісіндегі әлемдік ғылымды қажет тұтатын университеттердің топ-30%-на кіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар біз үшін қазақстандық ғалымдардың жаңа плеядасының қолдауы өте маңызды. Отандық ғылымды ілгерілету және тәжірибе алмасу мақсатында ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарымен ынтымақтастықты арттыруды көздеп отырмыз. NU жас докторанттарды өз елінде жұмыс істеуге тарту үшін жағдай жасау барысында біршама жұмыс атқаруда»
— дей отырып, NU Президентінің м.а. Доктор Илесанми Адесида дөңгелек үстелдің қатысушыларына өз ризашылығын білдірді.
Кездесуден соң Академия Президенті Назарбаев Университетінің Астана ұлттық зертханасы (NLA), Энергетикалық ғарыш зертханасы, сондай-ақ Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) жұмысымен танысты.