12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні және Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Астанада Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ғылыми және академиялық қауым, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысып, заңғар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
«Ғылым қызметкерлері күні – әлемге әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлының туған күніне орайластырылғаны баршамызға мәлім. Қаныш Имантайұлы қатар ғылыми зерттеулер мен техникалық шешімдерге қойылатын талаптардың жоғары деңгейін айқындап берді. Нәтижесінде еліміз геология саласында және ел экономикасының тау-кен металлургия секторында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді», — деді өз сөзінде Саясат Нұрбек.
«Әр халықта мемлекеттің дамуына орасан зор үлес қосқан өз тарихи тұлғалары бар. Олардың ішінде қоғамға танылу иерархиясында айрықша орын алған көшбасшылар ерекше дараланып тұратыны сөзсіз. Ғалым, академик, патриот және қазіргі заманғы қазақстандық ғылымның негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев отандастар үшін осындай бірегей тұлға болып табылады», — деді Ақылбек Күрішбаев.
Іс-шаралар кешені Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты.
Конференцияға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Парламент депутаттары, ғылыми және академиялық қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Конференция барысында Президент кеңесшісі Күнсұлу Закария қатысушыларға Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды. Онда «Қаныш — Қазақстан тарихында айрықша орны бар тұғырлы тұлға. Академиктің мол мұрасын жан-жақты дәріптеп, есімін ұлықтау — ұрпақ парызы» деп көрсетілген.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Қаныш Сәтбаевтың ұлтқа қызмет етуде аға буынды үлгі еткенін, ел ісінде барлық салаға белсене араласқанын, Қазақстан ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосқанын, ғалымның ғылыми мұрасы 800-ге жуық мақаланы қамтитынын, оның редакциясымен Қазақ КСР Ғылым академиясының 30-дан астам ғылыми еңбектер жинағы жарық көргендігін атап өтті.
Конференцияға қатысушылар Қаныш Имантайұлының мұрасын дәріптеу мәселелерін, Мемлекет басшысының Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында алға қойған міндеттерін талқылады.