2024 жылдың 21 мамыры күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті.
Аталған отырыста жуырда Атырау қаласында өткен III Ұлттық құрылтай отырысында Ұлттық академия ұсынған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын іске асыру аясында өңірлік ғылымды дамыту мәселесі талқыға салынды. Келелі жиынға ҚР ҰҒА Президенті А.Күрішбаев, Жамбыл облысының әкімі Е. Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар Вице-министрлері, ҚР Парламенттің қос палатасының депутаттары, ҰАҒББО АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Ғылым қоры» АҚ, ЖОО және ҒЗИ бірінші басшылары, өңірлік бизнес субъектілерінің басшылары, стейкхолдерлер, жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын басында сөз алған ҰҒА Президенті А.Күрішбаев ғылымның практикалық маңызын арттыру, оны экономика мен қоғамның озық дамуын қамтамасыз ететін нақты экономикалық ресурсқа айналдыру үшін ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін құруымыз керек екенін баса айтты. Оның айтуынша, өңірлік ғылымды дамыту – ғылым мен экономиканың нақты секторының байланысын нығайтудың негізгі факторы.«Мысал ретінде дамыған елдердің тәжірибесіне тоқталайын. АҚШ-та әрбір штатта дерлік ірі зерттеу университеттері, өңірлік ғылыми орталықтар бар, олар сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталығы, «ми хабы». Олардың жұмысын тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ғылыми қамтамасыз етудің бұндай өңірлік жүйесі жоқ», – дейді А.Күрішбаев.
А.Күрішбаев бұл жүйенің болмауына тосқауыл болып тұрған үш себепті атап өтті.
Біріншіден, бізде өңірлердегі ғылымды дамыту мәселелерінде теңгерімсіздік, яғни дисбаланс қатты байқалады. Атап айтқанда, облыстарда зерттеуші-мамандардың 35%-ы ғана жұмыс істейді, олардың басым көпшілігі Алматы, Астана қалаларында шоғырланған. 1 мың тұрғынға шаққанда зерттеуші-мамандардың саны (яғни бұл абсолютті емес, салыстырмалы көрсеткіштер) Ұлытау облысында Алматы қаласымен салыстырғанда 68 есеге, Алматы облысында — 28 есеге, Түркістан облысында — 27 есеге, Солтүстік Қазақстан облысында – 18 есеге, ал Жамбыл облысында – 13 есеге төмен. Осы ретте Алматы қаласы зерттеушілер саны бойынша тіпті Канаданы басып озғанын айтуымыз керек.
Ғылымды қаржыландыру бойынша да Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр, олардың үлесіне барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-мақсатты және базалық қаржыландырудың 79%-ы, гранттық қаржыландырудың 75%-ы тиесілі. Жергілікті бюджеттерден бөлінетін ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен болып отыр, мысалы, ол 2023 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың бар болғаны 0,4%-ын құрады. Ал 10 өңірде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем бөлінбеді.
Екіншіден, дамыған елдерде технологиялық дамудың ажырамас элементі саналатын және ғылым мен бизнес арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін бизнес-құрылымдар үшін білімді таратудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесі біздің өңірлерде жоқ. Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті мәселелерді білмейді, ал бизнес ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінен хабары жоқ.
Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдар өңірлердің экономикасын дамытуға функционалды жауапты болғандықтан зерттеу қызметінің нәтижелерін өндіріске енгізуге, білімді таратуға, шетелдік технологияларды трансферттеуге қатысып қана қоймай, сонымен бірге өңірге тән өзекті мәселелерді шешу үшін ғылыми тақырыптарды орындауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыруға толық мүмкіндігі бар болса да, олар ғылым мен инновацияларды дамыту мәселелерінде іс жүзінде сырт қалып отыр.
Жиын соңында Президиумның барлық көшпелі отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке өңірлік ғылымды дамыту жөнінде ұсыныстар енгізілетіні сөз етілді.