Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлайды.
Президент сөзінің басында:
«Бүгін Сіздермен Ғылым ордасында жиналып отырмыз. Қуаныштымын. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді.
Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдары еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр.
Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ» — деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бізге экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет екенін атап өтті. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады.
Сондай-ақ Президент ғылымға бөлінетін қаржы туралы айтты. Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде танитынын атап өтті. Мемлекет басшысы қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыз жасампаз және жаңашыл болуының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысу үшін барлық жағдай жасалатынын да атап өтті.
«Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді.
Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады» — деп, сөз соңында Президент айтып кетті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті КҮРІШБАЕВ Ақылбек Қажығұлұлы баяндама жасап, ҚР Ұлттық ғылым академиясы қызметінің негізгі қорытындылары туралы, отандық ғылымның жай-күйі мен мүмкіндіктері, өңірлік ғылымның дамуы, форсайттық зерттеулер негізінде отандық ғылымның басым бағыттарын айқындау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми қоғамдастықтағы рөлін күшейту туралы баяндады.
Сонымен қатар, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры, ЛАЙСХАНОВ Шахислам Ұзақбайұлы Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің қызметі туралы, атап айтқанда, талантты жас ғалымдарды ғылыми, ғылыми-техникалық қызметке және ғылым нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі қызметке тарту туралы баяндады. Жас ғалымдардың мүдделерін ілгерілету, жас ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы: ғылыми тағылымдамалар, жастарға арналған ғылыми гранттар, отандық ғылымды әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялау, ғылымды қоғамда танымал ету туралы мазмұнды баяндама жасады.
Шара соңында Президент жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген он азаматқа салтанатты түрде пәтер сертификаттарын табыстады.