Ташкентте  өзбек тілінде жарыққа шыққан «Al-Jabrning Otasi» журналы таныстырылды

Ташкент қаласында 2024 жылдың 8 маусым күні Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту аясында  «Al-Jabrning Otasi» (Алгебраның атасы)  ғылыми-танымдық журналының тұсаукесері өтті. Іс-шара Өзбекстан Ғылым академиясы,  Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Qalan компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Басылымның таныстырылымына 100-ден астам екі елдегі ғылыми қауымдастық өкілдері, мұғалімдер мен оқушылар, БАҚ өкілдері, білім саласындағы кәсіпкерлер қатысты.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи тығыз байланыстың негізінде бірлескен ғылыми жобалар мен бастамалар көбейіп келеді. Өткен жылы екі елдің ғылым академиялары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум ғылыми байланысты тереңдетуге және жаңа зерттеулерді жүзеге асыруға ықпал етті.

Осы бастама аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы «Al-Jabrdin Atasy» ғылыми-танымдық журналын (қазақша «Әл-Жәбрдің атасы») шығарды. Журнал мектеп оқушыларына, мұғалімдерге және ғылыми қауымдастыққа арналған, жаратылыстану ғылымдары мен технология жетістіктерін насихаттауды мақсат етеді.

«Al-Jabrdin Atasy» журналы 2023 жылғы қараша айынан бері қазақ тілінде тұрақты шығып тұрады.  Қазақстан нарығында кеңінен танылып, өзге елдерде де қызығушылық туындады. Журналды өзбек тілінде шығару ісі осылайша қолға алынды. Сондай-ақ журналды екі бауырлас елдің тілінде шығару  арқылы ғылыми байланысты арттырып, Орталық Азияның ғылыми мұрасын насихаттау мақсат етілді.

АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің мақсат – ұлы аталарымыздың жолын жалғастыру. Кезінде бүкіл әлемнің дамуына ғаламат үлес қосқан Орталық Азиядан шыққан екі адам болса, соның бірі – Әл-Хорезми. Ол ғұламадан мына екі сөзі қалды: алгебра және алгоритм. Қарапайым телефон,теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады. Менің байқауымша, өзбек жастары мен қазақ жастары арасында үлкен ұқсастық бар. Оқу, білім, ғылым жүйесі және мінез-құлық. Біздегі проблема бұларда да бар, бұлардағы проблема бізде де бар. Сол себепті «Әл-Жәбрдің атасына» қызығушылық үлкен екенін байқадық.

Журналдың шығуына қазақстандық  Qalan компаниясы қолдау көрсеткен. Бұл  мекеме мен ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға былтыр қол қойды. Екі тарап ғылыми бағыттағы контентті дамытуға және насихаттауға уағдаласқан.  «Әл-жәбрдің атасы» журналының жарыққа көруі осы меморандум аясында қолға алынды. Қазір  жоба Өзбекстан нарығына еніп, екі елге тиімді білім-ғылым саласындағы ынтымақтастықты қалыптастырып келеді.