Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, шығыстанушы, дипломат Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтады.
Мұрат Мұхтарұлының есімі, қалың оқырманға қазақ әдебиеті, мәдениеті мен тарихы саласындағы көптеген ғылыми еңбектерімен танылған талантты ғалым, сондай-ақ саналы ғұмырын рухани әлемді байытуға және ұлттың мәдени мұрасын сақтауға арнаған адам ретінде де жұртшылыққа белгілі.
Ғалым көркемдік процесс теориясы мен практикасы бойынша 200-ден астам жарияланымның, сондай-ақ «Уақыттың жалғаушы жібі», «Уақыт құдығына серуендеу», «Қайтып оралу үшін кету». «Гиппокрен» сияқты танымал еңбектердің авторы.
Мұрат Мұхтарұлының кәсіпқойлығы, қажырлы еңбегі мен жоғары жетістіктері көптеген мемлекеттік және халықаралық наградалармен, соның ішінде «Барыс», «Құрмет» ордендерімен бірнеше рет және тиісті дәрежеде бағаланды.
Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Мұхтарұлының жарқын жүзі еліміздің ғылыми қауымының жадында мәңгі қалары сөзсіз.