Бүгін 29 маусым ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР ҒА Молекулалық биология және биохимия институтын ұйымдастырушы және бірінші директоры, ҚР ҰҒА президенті, қоғам қайраткері Айтқожин Мұрат Әбенұлының туғанына 85 жыл толады.
Мұрат Әбенұлы Айтқожин 1986 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып тағайындалып, ғылымды басқару жұмысына араласты. Ғылым академиясы басшылығының барлық ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі академиялық ғылымды таяу уақытта ғылыми-техникалық прогрестің алдыңғы шебіне шығаруды қамтамасыз етуге бағыттады.
Белгілі ғалым 1939 жылы 29 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында көп балалы отбасында дүниеге келген. Мұрат Айтқожин бала кезінен бастап биология саласына қызығушылық танытты. Оның мектептегі тәжірибе алаңында өсірген үлкен асқабағы кейін Петропавл қаласында өткен ауыл шаруашылық көрмесіне қойылды.
1979 жылы Мұрат Әбенұлы Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшелеріне сайланды және бір мезгілде Ғылым академиясы жанындағы ботаника институтының директоры қызметін атқарды. Содан кейін 1983 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы молекулалық биология және биохимия институтының негізін қалады. Ал, 1984 жылы Алматыда биоорганикалық химия бойынша Халықаралық симпозиум өтті, ол беделді Нобель сыйлығының лауреаттарын жинап, Қазақстанның молекулалық биологиясы саласындағы халықаралық танудың куәсі болды.
Мұрат Әбенұлы Айтхожин — көрнекті ғалым және зерттеуші, оның ғылыми зерттеудегі еңбектері Қазақстандағы ғылымның дамуына айтарлықтай әсер етті. Ғалымның жұмысы іргелі зерттеулерден бастап қолданбалы әзірлемелерге дейінгі көптеген тақырыптарды қамтиды, бұл елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал етті.
Мұрат Әбенұлы Айтқожин – республикамыздағы биотехнологиялық ғылымның негізін салушы. Оның бастамасымен алғаш рет генетикалық инженерия, өсімдіктердің жасушалық инженериясы лабораториялары және трансгеноз лабораториясы ұйымдастырылып, Қазақ ауылшаруашылық биотехнологиялық орталығы құрылды.
Осы мақсатта іргелі және қолданбалы зерттеулердің, сонымен қатар Қазақстан экономикасын дамытудың басым бағыттары анықталды. Ғылыми-өндірістік бірлестіктер мен инженерлік орталықтар құруға, республикалық академиялық мекемелерінің халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен бүкіл одақтық ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысуына ерекше назар аударылды. Президент М.Айтқожин академия жүйесін басқаруды қайта құруда бірінші әрі ең ірі қадамдар жасады.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы көрнекті ғалымның Ғылыми институттар мен Ғылым Академиясына жетекшілік еткен тұстағы ғылымды басқару үлгісі мен ғылымды дамытуда инновациялық бағытты негізге алу керек деген бастамасын өз зерттеу жұмысында пайдалануда.
Сонымен қатар, Мұрат Айтқожин молекулалық биология саласындағы зерттеу нәтижелерін бүгінгі күнге дейін ғылыми кадрларды тәрбиелеу мен даярлауда негіз болуда.
Белгілі ғалымның жеке заттары, құжаттарының көшірмелері және фотосуреттері Қазақстан ғылымының тарихы музейінің қорында сақталған.
Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, зерттеуші Мұрат Әбенұлы ғылыми қауымдастықтың жарқын жүзді бейнесімен мәңгі есте қалары сөзсіз.