Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы көрнекті ғалым, академик, медицина ғылымдарының докторы Нәзира Бадретдинқызы Ахматуллинаның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
Нәзира Бадретдинқызы – жоғары дәрежелі ғалым, көрнекті зерттеуші, Қазақстанның вирусология және генетика ғылымдарының ардагері, отандық ғылымды ұйымдастырушы және дәріптеуші. Нәзира Бәдретдинқызының еңбек жолы – ғалым-зерттеуші-өз саласында алғашқы жаңалық ашушы ретіндегі қиын жол.
Еңбек жолын Қазақ КСР Ғылым академиясының сол кездегі жаңа микробиология және вирусология институтының вирусология зертханасында аспирант болып бастады. Нәзира Бадретдинқызының ғылыми жолы Қазақстанда ғана емес, Одақ көлемінде вирусологияның зерттелуімен қатар дамыды. Полиомелиттің вирусологиялық және серологиялық диагностикасы бойынша үлкен жұмыс атқарды. Сол кезде полиомиелит вирусымен жұмыс істейтін бірден-бір маман бола отырып, ол Қазақстанда вакциналарды сынақтан өткізуге қатысып, елдегі полиомиелит ауруын жоюға өлшеусіз үлес қосты.
Нәзира Бадретдинқызы өз еңбегі мен ғылыми қызметін тұмау проблемалары, қоршаған ортадағы химиялық және радиациялық ластаушы заттардың адам ағзасына әсері, генетика сияқты өзекті мәселелерді зерттеуге арнады.
Назира Бадретдинқызы бар саналы ғұмырын халыққа адал қызмет етіп, ұлт денсаулығын сақтауға арнады. Соңғы уақытқа дейін ғылыми ізденіспен, зерттеу жұмыстарымен айналысты.
Көрнекті ғалым, тамаша дәрігер, дарынды тәлімгер әрі ұстаз Нәзира Бадретдинқызының мейірімді де жарқын бейнесі көптеген қазақстандықтардың жүрегі мен жадында мәңгі сақталады.