2024 жылғы 16 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының «Агробиоресурсы және экология» секциясының ұйымдастырған отырысында Президент Жолдауы аясында көрсетілген «Қазақстан ғылымының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» талқыланды.
Маңызды іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА академиктері мен қызметкерлері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, еліміздің белгілі жетекші ғалымдары, тәуелсіз сарапшылар мен жас зерттеушілер қатысты.
Модератор: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD, қауымдастырылған профессордың м.а. Шахислам Лайсханов Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген Қазақстан ғылымының қазіргі жағдайы мен даму болашағына қысқаша тоқтала отырып, «Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар – ұлт сапасын арттырады» деген тақырыпта ой өрбітті.
«Жолдауда отандық ғылым алдына ауқымы зор және аса жауапты міндеттер қойылды, оларды қалтқысыз орындау ғылыми қоғамдастықтан кешенді шаралар қабылдауды талап етеді. Бұл шаралар ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, олардың жетістіктерін өндіріске енгізу арқылы экономикалық дамудағы ғылымның рөлі мен орнын нығайтуға бағытталуы тиіс», — деді Шахислам Лайсханов.
Осы арнада өз пікірлерін қосқан спикерлер ғылымды цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, топырақтану және агрохимия, экология, басқа да өзекті мәселелерді жан-жақты қарастырып, ғылымды дамытудағы инновациялық тәсілдерді өндіріске кеңінен енгізуді жеделдетуді ұсынды.
Атап айтқанда, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ Басқарма Төрағасы Бақытжан Дүйсембеков «Фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі заманауи тәсілдер мен технологиялар»;
«Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жетекші ғалымы, б.ғ.д., профессор Масимжан Велямов «Президент Жолдауы: азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттілігі тұрғысынан»;
Ө.Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының «Топырақ құнарлылығы және биологиясы» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, а.ш.ғ.к, доцен Мария Ибраева «Қазақстанның топырақ ғылымының өзекті мәселелері»;
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Орталық басшысы, а.ш.ғ.к, қауымдастырылған профессор Майра Құсайынова «Қазақстанның аграрлық ғылымын дамытудағы инновациялық тәсілдер: бірлескен зерттеулер мен халықаралық бағдарламалар тәжірибесі» туралы ой-пікірлерін тиісті мәліметтермен толықтыра отырып, ортаға салды.
Сондай-ақ, басқа да сарапшы ғалымдар өз салалары бойынша инновациялық технологияларды енгізу, ирригациялық жүйелер мен инфрақұрылымды жаңғырту, топырақтану бойынша заңдық қорғау құжаттарын Үкіметтік деңгейде қабылдату, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін аграрлық секторды дамыту, озық технологияларға жауап беретін заманауи білім беру стандарттарына көшу, бәсекеге қабілетті білікті кадрлар даярлау мәселелеріне жан-жақты тоқталды.
Жиын қорытындысында қатысушылар Президент Жолдауын бірауыздан қолдайтындарын білдіріп, белгіленген басымдықтарды ескере отырып, Қазақстанда ғылымды дамытудың өзекті бағыттары бойынша өздерінің ұсынымдарын қабылдады.