Алматыда Қазақ-неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығы ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Шара Германия канцлері Олаф Шольцтің Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Аталған орталық Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жаңа ғимаратында орналасқан. Халықаралық жоба екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді. Орталықтың негізінде қолға алатын ғылымдағы заманауи технологиялар мен инновациялар еліміздің экономикасын дамытуға жол ашпақ.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті:
— Бірінші жоспарымыз – жаһандық климаттың өзгеру мәселесі бойынша, су ресірстарын басқару мәселесі бойынша бірге жұмыс істейміз. Содан бастаймыз жұмыстың бәрін. Одан кейін сонымен қатар жас ғалымдарды оқытатын боламыз. Біздің жас ғалымдарымыз Германияға барып оқиды. Бұл орталық жалпы Қазақстан мен Германияның қазіргі істеп жатқан жұмыстарын үйлестіретін болады.