«ЯДРОЛЫҚ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ» V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ФОРУМ

2024 жылғы 7 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Ядролық физика институты бірлесіп ұйымдастырған «Ядролық ғылым және технология» V Халықаралық ғылыми форумы өтті. Форумның негізгі тақырыбы медицина, ядролық физика, өнеркәсіп және экология сияқты жоғары технологиялық салаларды дамытудағы атом ғылымының рөлі болды.

Форумның пленарлық мәжілісінде Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.К. Күрішбаев алғы сөзінде, Қазақстанның заманауи реакторлар мен үдеткіштермен жабдықталған Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталықты қамтитын бірегей зерттеу базасына ие екенін атап өтті. Сондай-ақ, жақында ашылған Ядролық медицина орталығы мен Деректер орталығы елде ядролық физика, материалтану және ядролық медицинаның табысты дамуына барлық жағдай жасап отырғанын айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстанның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен, оның ішінде Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) белсенді халықаралық ынтымақтастығына назар аударып, соңғы жылдары халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған 500-ден астам ғылыми жұмыстар елдің жоғары ғылыми әлеуетін растайтынын ерекше атап өтті.

Форумға қатысушылар ядролық реакциялар, изотоптық технологиялар және материалтану саласындағы заманауи зерттеулерді қарастырды. Ядролық технологияларды медициналық диагностика мен емдеуге енгізуге, сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды басқару және қоршаған ортаны бақылау сияқты экологиялық мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінді.

Форумға 15 елден келген 135 ғалымды қоса алғанда, 340-тан астам қатысушы жиналды. Апта бойы 264 баяндама, соның ішінде 20 пленарлық, 117 секциялық, 79 постерлік және 68 онлайн-баяндама ұсынылады деп жоспарлануда.

Форум аясында Қытай университеті және Түркияның TÜBİTAK ұйымымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығы ашылды, бұл Қазақстанның әлемдік ғылыми қауымдастықпен ғылыми байланысын едәуір нығайтатыны анық.