Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы «Ғылым ордасында» көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «ҚАНЫШ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ МАЙДАН» кітабының тұсаукесерін «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорымен, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Тұсаукесерге ҚР Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Абзал Құспан, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев, Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков қатысып, құттықтау сөздерін сөйледі. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас зерттеушілер, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Тұсаукесер барысында «ҚАНЫШ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ МАЙДАН» кітабымен қатар, бұрын шектеулі тиражбен шыққан және ғылыми айналымға енбеген сирек кітаптар да басып шығарылып, қалың оқырманға ұсынылды. Олардың қатарында «Бала Қаныш оқыған кітаптар», «Қаныштың жастық шағы», «Жас Қаныш» кітаптары бар. Бұл еңбектер Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми қызметі туралы бұрын жарияланбаған жаңа деректерді қамтығандықтан үлкен қызығушылық тудырды.
Кітапта академиктің тұлғалық қасиеттері, ғылымдағы жетістіктері және Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылу тарихына ерекше назар аударылды. Авторлар ұсынылған материалдардың тарихи жадыны сақтауда, қазақ мәдениеті мен жастар арасында ғылымды насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Замандастары М. Әуезов, Ж. Шаяхметов, Ш. Шөкин, Ш. Есенов, Е. Бөкетов, Е. Ысмайлов, Б. Кенжебаев сынды ғалымдардың көп жерде кездесе бермейтін, жарық көрмеген тың деректері қамтылып, ұсынылған. Қазақ мәдениеті мен танымына және ұлтшыл тұлғалардың өміріне қызығатын барша оқырманға арналған.
Бұл тұсаукесер ғылыми және мәдени қоғамдастық үшін маңызды оқиға болып, Қаныш Сәтбаевтың ғылымды дамытуға және қазақ халқының ұлттық бірегейлігін нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесін айқын көрсетті.