ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА академигін сайлау конкурсының бірінші кезеңі туралы АҚПАРАТ

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының (бұдан әрі — Академия) академигін сайлау конкурсына құжаттарды қабылдау 2024 жылдың 24 қазанында аяқталды.

Конкурсқа қатысу үшін ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісінің аккредитациясы бар 25 ғылыми ұйым мен жоғары оқу орнынан 29 үміткерден келесі төрт бөлімше бойынша өтінімдер келіп түсті: 

  • «Жер, ғарыш және коммуникациялар» («Жаратылыстану ғылымдары» және «Инжиниринг және технологиялар» бағыттары бойынша) – 15 адам;
  • «Білім және қоғамды дамыту» («Әлеуметтік ғылымдар» және «Гуманитарлық ғылымдар және өнер» бағыттары бойынша) – 5 адам;
  • «Агробиоресурстар және экология» («Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары» бағыты бойынша) – 5 адам;
  • «Өмір және денсаулық» («Медицина және денсаулық сақтау» бағыты бойынша) – 4 адам.

Конкурстың бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша, екінші кезеңге 17 үміткер өтті. 12 үміткердің өтінімдері одан әрі қарастырылуға жіберілмеді.

Өтінімдерді әрі қарай қарауға қабылданбауының негізгі себептері — үміткерлердің құжаттар топтамасын толық ұсынбауы және/немесе Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 23 қыркүйекте №457 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау Қағидалары мен өлшемшарттарының (бұдан әрі – Қағидалар) 12-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.  

Өтінімдері қабылданбаған үміткерлерді Академия бір жұмыс күні ішінде жетіспейтін құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы хабардар етті. Үміткерлер ескертулерді белгіленген мерзімде жоймады. Осыған байланысты, Академия өтінімдерді қарауды тоқтатып, ресми бас тарту хатын жолдады.

Қағидалардың 20-тармағына сәйкес, келесі кезеңге өткен үміткерлердің тізімі Академияның ресми интернет-ресурсында жарияланды. https://qazscience.gov.kz.