Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы 2024 жылдың 09 желтоқсаны көрнекті ғалым, белгілі академик, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Қ.И. Сәтбаевтың 125-жылдығына орай ғылымды дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел жұмысына Ұлттық ғылым академиясының бұрынғы Президенттері, ғылым академияларының басшылары және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы академиктері қатысты.
ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев алғы сөзінде Академияның ғылым саласындағы өзіндік орны мен маңыздылығын атап өтті: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлемдегі 20 жетекші Академияның тәжірибелерін талдай отырып, біз Академияның миссиясын, пайымдауын және алдағы 10 жылға (2035 жылға дейінгі) даму стратегиясын нақты индикаторлармен айқындадық. Бұдан басқа, халықаралық тәжірибе негізінде Академия жұмысының нақтылы моделі (академияның қызмет механизмі) жасалды, яғни қандай ресурстарымыз бен құралдарымыз бар, қорытындысында қандай нәтижелерге қол жеткіземіз. Әлемдегі жетекші академиялардың даму құпиясы – ситуациялық-болжамды талдаудың дұрыс құрылған жүйесі (әлемде оны британдық модель деп атайды), бұл – Ғылым академиялары жұмысының негізгі арқауы. Егер біз осы заманауи ақпараттық базаны қолданысқа енгізе алсақ – Академия ғылым саласындағы орын алған барлық жүйелік олқылықтарды анықтап, ғылымның басымдықтарын дұрыс негіздей алады».
Академия Президенті осы жылы атқарылған жұмыстар бойынша ауқымды баяндама жасады. Баяндама барысында алғаш рет ғылымды дамытудың басымдықтарын анықтау бойынша ауқымды форсайт-зерттеулер жүргізілгенін, отандық ғылымның нақты жай-күйін бағалау үшін арнайы талдау орталығы құрылғанын, ол орталықтың нақты жұмыстарының нәтижелерін келтірді, 2025-2027 жылдарға арналған БНҚ (ПЦФ) ғылыми-техникалық тапсырысына сараптама жүргізілгендігін, министрліктерге салалық ғылымды дамыту бойынша нақты кеңестер берілгенін, проблемалық мәселелері бойынша Академия Президиумының көшпелі отырыстар өткізіліп, нәтижесінде аналитикалық жазбалар, Жол карталары дайындалғанын, халықаралық байланыстар бойынша табысты жұмыстардың атқарылғанын, биылғы дайындалған Ұлттық баяндаманың өзгешелігі, жас ғалымдарды қолдау бойынша жасалған жүйелі жұмыстар, өңірлік ғылымды дамыту, әлемдік жетекші 8 Академияның тәжірибесі негізінде Ғылыми этика кодексі – ғылыми зерттеулерді жүргізу стандарты дайындалғанын мәлімдеп, басқа да ғылымды дәріптеу бойынша өткізілген ғылыми іс-шаралар бойынша толық ақпараттар берілді.
Дөңгелек үстел барысында барлық қатысушылар еліміздің алдында тұрған ғылыми-технологиялық даму саласындағы міндеттерді шешу тәсілдерін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс атқару туралы шешімдер қабылдап, тың ұсыныстарын берді. Іс-шара нәтижесінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлескен қызмет туралы қоғамдық, салалық академиялар мен еліміздің ғылыми бірлестіктері арасында екіжақты меморандумдарға сәйкес жүйелі түрде отандық ғылымды дамыту бойынша жұмыстар жалғасатын болады.