Бүгін, 26 ақпанда, Алматы қаласында «Ғылым ордасы» ғимаратында ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың 2024 жылғы лауреаттарын салтанатты марапаттау шарасы өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев, ҒЗИ және ЖОО басшылары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өз құттықтау сөзінде Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы жылдары отандық ғылымды дамытуға көп көңіл бөлініп отырғандығын, қаржыландыру көлемінің 3 есеге ұлғайғанын, заңнамалық базаның жаңартылып, түрлі ғылыми-техникалық іс-шаралар мен ғылыми конкурстар өткізу арқылы ғылымды дәріптеу бойынша жұмыстардың жандана түскенін атап өтті. Алғаш рет мемлекеттік деңгейде жас ғалымдарға материалдық тұрғын үй бөлу арқылы қолдаудың нақты шаралары қабылданғаны туралы айтып, Академияның 2024 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысында респонденттерінің 60%-ы «жас ғалымдарды қолдаудың» соңғы 5 жылда едеуір жақсарғаны туралы ақпаратпен бөлісті.
Сондай-ақ Академия Президенті өз сөзінде: «2024 жылы алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің, Astana Hub және цифрлық Үкіметті қолдау орталығының күшімен конкурс цифрлық технологияларды пайдалана отырып, жаңартылған форматта өткізілді. Бұл конкурс нәтижелеріне адами факторлардың ықпалын мейлінше азайтуға, көптеген процедуралық сәттерді барынша жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Сыйлық алуға осындай жүйе арқылы барлығы 169 өтінім және стипендиялар бойынша 1232 өтінім келіп түсті. Барлық бағыттар бойынша бәсекелестік деңгейі өте жоғары болды, 1 сыйлыққа 37 үміткерден келді.
Нәтижесінде ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін 6 сыйлық және 75 стипендия тағайындалды, оның ішінде ғылыми мәселелерді шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсенді қатысқан және ғылыми жұртшылыққа танымал 50 дарынды жас ғалым бар.
Жоғарыда аталған барлық инновациялық жаңалықтар — бұл конкурстық рәсімдердің ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылатын үлкен жүйелік жұмыстың бастамасы ғана екенін айта кетуіміз керек. Академия жанынан арнайы құрылған жұмыс тобы жақын арада жаңа ережелердің жобасын дайындап, уәкілетті органның қарастыруы мен ғылыми қоғамдастықтың талқылауына шығару үшін ұсынылатын болады.
Қорытындылай келе, бүгінгі ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың лауреаттары – бұл біздің қазіргі уақыттағы ғылымдағы беткеұстар тұлғаларымыз ғана емес, олар болашақта отандық ғылымды, сонымен қатар жалпы қоғамымызды дамудың жаңа деңгейіне көтереді деп үміт артып отырған ғылыми күшіміз деп айтқым келеді» деді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде Мемлекет басшысының ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру саясатының арқасында оң өзгерістер орын алғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі ұлғайтылғанын, жас ғалымдарды қолдау шаралары күшейтілгенін, ғылымды дамыту және технологиялық саясатты іске асыруға бағытталған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданып, ғылыми ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары артқанын, Ұлттық ғылым академиясының институционалдық рөлі нығайғанын ерекше атап өтті.
Салтанатты шара аясында министр Саясат Нұрбек және ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев сыйлықтар мен стипендиялар лауреаттарына дипломдар, төсбелгілер мен сертификаттар табыс етті.
2024 жылғы ғылым саласындағы атаулы сыйлық иегерлері:
- Гуманитарлық ғылымдар саласындағы «Еуразия орталығының ежелгі және қазіргі заманғы халқының генетикалық тарихы: палеогенетика және Y-хромосоманың филогеографиясы тұрғысынан көзқарас» тақырыбындағы 2024 жылғы үздік ғылыми зерттеу үшін Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаттары – Жабагин Мақсат Қизатұлы, Сабитов Жаксылык Муратович.
- Жаратылыстану ғылымдары саласындағы «Жасыл экономика үшін материалдар мен энергия сақтау жүйелерінің инновациялық технологияларын дамыту» тақырыбындағы ұжымдық жұмысқа 2024 жылғы үздік ғылыми зерттеу үшін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаттары: – Бакенов Жумабай Бекболатович, Конаров Айшуак Таргинович, Нурпейсова Арайлым Ахметбекқызы, Муканова Алия Оразалиновна, Умиров Нуржан Бердалыевич.
- Педагогика саласындағы «Қазақстандағы нақты ғылымдар (STEM) саласындағы әйелдер тәжірибесін зерттеу» тақырыбындағы 2024 жылғы үздік ғылыми зерттеу мен жұмысы үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы сыйлықтың лауреаты – Альмұхамбетова Айнұр Сабитовна.
- Түркология саласындағы аса зор жетістіктері және «Ескі қазақ жазба ескерткіштерінің тіліндегі араб және парсы сөздері» тақырыбындағы 2024 жылғы үздік ғылыми жұмысы үшін Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты – Сейтбекова Айнұр Аташбековна.
- Жаратылыстану ғылымдары саласындағы «Болашақты құру: Тұрақты және икемді сымсыз желілердің келешек буынына арналған қайта-конфигурациялатын интеллектуалды беттер» тақырыбындағы 2024 жылғы үздік ғылыми жұмысы үшін Д.А.Қонаев атындағы жас ғалымдарға арналған сыйлықтың лауреаты – Наурызбаев Галымжан Еркинович.
- Гуманитарлық ғылымдар саласындағы «Негізгі құндылықтардың лингвомәдениеттанулық және этнопсихолингвистикалық зерттеуі» тақырыбындағы 2024 жылғы үздік ғылыми жұмысы үшін М.О.Әуезов атындағы жас ғалымдарға арналған сыйлықтың лауреаты – Кузембаева Гульжана Айтжановна.
Жетекші ғалымдар мен жас ғалымдар 2024 жылғы мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурсының жеңімпаздары атанып, ғылым мен білім саласына қосқан үлестері үшін жоғары бағаланды. Марапатталған ғалымдар өз зерттеулерінде жаңа бағыттарды ашып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда.