Еліміздің мәдени, туристік, іскерлік белсенділігінің орталығы Алматы қашанда тау баурайындағы көркем табиғатымен ерекшеленіп келеді. Алайда кейінгі жылдары мамандар қала экологиясының нашарлауына қатысты дабыл қағып жатыр.
Қала агломерациясының ұлғаюы, көлік санының артуы, инфрақұрылым ауқымының артуы, құрылыстың қарқын алуы жасыл-желекті алқаптардың азаюына әкеп соғып жатыр. Салдарынан экологиялық әл-ауқаты мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Қоршаған ортаның ластануы эстетикалық ғана емес, сонымен қатар санитарлық-гигиеналық ахуалға кері әсерін тигізеді.
Осы орайда қала басшылығы жасыл-желекті күтіп-баптаудың ғылыми зерттеу бағыттарына көңіл бөле отырып, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен меморандумға қол қойды. Бұл ынтымақтастық қаладағы бақтар мен орманды алқаптарды жетілдіруге бағытталған. Әкімдік орман питомнигін құру жобасы аясында жыл сайын 300 мыңнан аса көшет отырғызуды жоспарлап отыр. Ендігі кезекте университет ғалымдары орманды алқаптарда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады.
Қазақ ұлттық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректор, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, қаладағы ағаштарды есепке алу, қадағалау, орман питомнигін құру, «Медеу» табиғи паркін басқару жоспарын әзірлеу және «Баум тоғайының» ландшафттарының эстетикалық тартымдылығын арттыру бағыттарында ғалымдар қалалық әкімдік мамандарымен бірлесіп жұмыс істейтін болады.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ғалымдар бастамасына қолдау білдіре келіп, «Медеу» табиғи паркін басқарудың бесжылдық жоспары аясында ғылыми, туристік-рекреациялық және экологиялық-ағарту қызметін жүйелеу жұмыстарының көзделіп отырғанын жеткізді.
Алматы қаласында орналасқан «Баум тоғайы» мемлекет қорғауындағы табиғи орман кешені әрі ғылыми-танымдық және өлкетану туризмін дамыту әлеуетіне ие. Мұнда ағаштардың 49 түрі бар. Оның 7 түрі қылқан жапырақтыларға жатады. Жапырақты түрлердің 8 түрі жұмсақ, 16-сы қатты жапырақтыларға, 18-і жемісті және сәндік ағаш тұқымдастарына жатады. Жоғары шөптесін өсімдіктер шамамен 118 түрді құрайды. Ландшафттардың эстетикалық тартымдылығын арттыру мақсатында «Баум тоғайы» ерекше қамқорлыққа алынады.
ҚазҰАЗУ ғалымдарының «Баум тоғайын» қайта құру және «Медеу» табиғи паркін басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі әзірленген бағдарламасы – ауқымды жоба. Су, жер және орман ресурстары факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Талғат Кертешевтің айтуынша, көгалдандыру іс-шараларының тиімділігін арттыру, ағаш түрлерін таңдау, отырғызу, күтім мен қайта қалпына келтіру, қурап қалған немесе зақымдалған жасыл-желектерді зиянкестерден қорғау да осы жобаның аясында жүзеге асады. Екі жылда жүзеге асатын жобаға университеттің Орман ресурстары кафедрасының ғалым-оқытушылары мен студенттері атсалысады.
Мамандар атап өткендей, көгалдандыру жұмыстары ағаш отырғызумен ғана шектелмейді. Көшеттерді баптау, ағаштардың жай-күйін зерттеу, сараптауға қатысты нақты мәліметтер мен экологиялық жай-күйі ғалымдар зерттеулерінің нәтижесіне сәйкес анықталмақ.
АЛМАТЫ