ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

27 желтоқсанда Түркі мемлекеттерінің Ғылым Академиялары мен Білім және Ғылым министрлігі өкілдері бас қосты.

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарадағы Бештепе Ұлттық конгресс-мәдени орталығындағы жиынға арнайы келді. Бұл жерде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы, Әзірбайжан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы және Татарстан Ғылым академиясы өкілдері жыл сайын өткізілетін Түркия ғылыми-технологиялық зерттеулер Кеңесінің (TÜBITAK) және Түрік ғылым академиясының (TÜBA) үздік ғалымдарды марапаттау салтанатты кешіне қатысты.

Биылғы жылы TÜBA-TÜBITAK Awards 100-ші мерейтойлық сыйлығы аясында 21 түрлі университет пен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарына жеті ғылыми сыйлық, бір арнайы сыйлық, бір еңбегі үшін сыйлық және 18 ынталандыру сыйлығы берілді.

Марапаттар 1966 жылдан бастап беріліп келеді. Сол уақыттан бері 881 ғалым 206 ғылыми сыйлық, 20 арнайы сыйлық, 89 еңбек сіңірген сыйлық және 566 ынталандыру сыйлығын иеленді.