Ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың аясында ҚР ҰҒА Президенті Закарья Күнсұлу Дальтонқызы бастаған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының делегациясы 2024 жылдың 18 қаңтарында Назарбаев Университетіне жұмыс сапарымен барды. Кездесу барысында еліміздің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған бірлескен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен перспективалары талқыланды.
К.Д. Закарья ҚР Ғылым академиясының атынан Назарбаев Университетіне Қазақстанның ғылымы мен біліміне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібін дамыту бойынша алға қойған міндеттерінің аясында Академия Қазақстан экономикасына үлес қосу үшін Назарбаев Университетімен және оның Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебімен ынтымақтастықты жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу барысында К.Д. Закарья геология саласындағы көрнекті қазақ ғалымы, академик және Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына ерекше назар аударды. Бұл атаулы күн елде жыл бойы кеңінен атап өтілетін болады. ҚР Ғылым академиясы мерейтой аясында бірқатар іс-шараларды жоспарлады. К.Д. Закарья НУ профессор-оқытушылар құрамы мен басшылығын аталған іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Сапар бағдарламасы аясында ҚР ҰҒА делегациясы Назарбаев Университетінің Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің жіңішке кесінділер, седиментология және мұнай геологиясы, сондай-ақ минералогия және петрография зертханаларымен танысты. Делегация тау жыныстары мен минералдарды зерделеу үшін жоғары сапалы ұнтақтарды дайындау процесімен, сондай-ақ шөгінді жыныстарға кешенді талдау жүргізумен танысты. National Laboratory Astana NU жас ғалымдары энергияны сақтауға арналған озық материалдар саласындағы өз жобаларын ұсынды. Сондай-ақ Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) әзірлемелері, соның ішінде көптілді сөйлеуді тану және машиналық аударма жобалары ұсынылды.
Кездесудің соңында Назарбаев Университеті Президентінің м.а. Илесанми Адесида ҚР Ғылым академиясы делегациясына университетке сапары үшін алғысын білдіріп, Назарбаев Университетінің Қазақстан ғалымдарымен ғылымды ілгерілету және тәжірибе алмасу үшін ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді. Илесанми Адесида мырза НУ жас докторанттарды отандық ғылымның игілігі үшін еңбек етуге тарту үшін жағдай жасау мақсатында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
ҚР ҰҒА және НУ ынтымақтастығы үздік әлемдік ғылыми тәжірибелердің сапалы интеграциясын арттыруға, жас ғалымдарды қолдау және білім мен ғылымды одан әрі дамыту мәселелерінде отандық жоғары оқу орындарымен тиімді ынтымақтастыққа ықпал етеді.